Тіл жанашырлары марапат төрінде
Республика күні қарсаңында аудандағы бірқатар тіл жанашырлары марапатталды. «Достық» үйінде өткізілген іс-шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Жүсіпбаев, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы Ш.Нұрсейітов, ардагер Ә.Байманов және басқа да тіл жанашырлары қатысты.
Жиын барысында алдағы Республика күнінің мәні мен маңызы туралы ой қозғалды. №36 мектеп-лицейдің 7-сынып оқушылары мерекеге орай жаттаған тақпақтарын көпшілік алдында оқып берді. Одан кейін Е.Сағынбай қазақтың қара домбырасын «сөйлетіп», күмбірлетіп күй төкті. Тыңдарман қауымның құлақ құрышын қандырған ән-шашуды Л.Серікбаева әуелетті.
Одан кейін халықаралық «Қазақ тілі» ҚБ аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Балтабайұлы бүгінгі жиынның мәні мен маңызына тоқталып өтті.
– Биылдан бастап халықпен қайта қауышқан ұлттық мерекенің ел тұрғындары үшін мән-маңызы жоғары. Біздің бейбіт елде өмір сүруіміз – азаттықтың арқасы. Ал сол егемендігіміздің түп негізінде осы Республика күні тұрғаны баршамызға белгілі. Осындай тұғырлы Тәуелсіздігіміздің арқасында елімізде мемлекеттік тіліміздің мерейі асқақтады. Осы мереке қарсаңында ауданымызда ана тіліміздің жандануы жолында аянбай еңбек етіп жүрген тіл жанашырларын марапаттау мақсатында бүгін бас қосып отырмыз. «Тілі жоғалған ұлттың – өзі жоғалады» деген. Ана тіліміздің өсуі мен өркендеуі жолында қызмет етіп, «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына белсене араласып жүрген баршаңызға алғысымды айтамын, – деді Ш.Нұрсейітов.
Содан соң аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев тіл жанашырлары Ә.Байманов, Л.Серікбаева, Ғ.Үсенбай, А.Төлеуоваларға облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы С.Аңсаттың «Алғыс хаты» мен сый-сияпатын табыстады. Марапат төрінен көрінгендер қатарында аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас маманы Нұргүл Сарқыншақова да бар. Ендеше, мереке қарсаңында алғысқа бөленіп, мәртебесі артқан тіл жанашырларына біз де құтты болсын айтамыз.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Пікір 1