Тіл саясаттың емес, жүректің ісі
Тіл мәртебесі – ел мәртебесі. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Ана тілінің тағдырына «елім» деген әрбір адам жауапты. Тіл мәртебесі, тіл саясаты мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – тіл саясаты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында да тіл мәселесіне тоқталып өтті. «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар» деген Мемлекет басшысы Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тілдің бар екенін және ол – қазақ тілі екенін айтып өтті. Орыс тілінің «ресми тіл» мәртебесіне ие екеніне тоқталған Президент заңнамаға сәйкес оның қолданылуын шектеуге болмайтынын және «қазақ тілінің өресі шектеліп барады» деген қорқыныштың негізсіз екеніне тоқталды. Қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп, туған тіліміз ғылым мен мәдениет, іс жүргізу тіліне айналып, қолданыс аясы кеңи түсуде. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген нақылды жалау еткен азаматтарымыздың тіл мәселесіне асқан парасаттылықпен, жауапкершілікпен қарауы маңызды.
Соңғы жаңалықтарға сәйкес оң өзгерістер орын алуда. Бұған дейін тіл мәселесі көтерілгенде балалардың бірінші сыныптан бастап үш тілді қатар меңгеруінің қиындық туғызатыны талай айтылып келген болатын. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, тәрбие мен тәлімнің негізгі іргетасы бастауыш сыныптарда қаланады. Осы кезде жас баланың бойына әрбір ілімді төл тілде дарыту маңызды. Көптен бері көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе турасында жақында ғана Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сүйінші жаңалықпен бөлісті. Министр енді қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгеретінін айтты. Ал орыс тілі 2-сыныптан, ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылады.
«Зерттеулер мен талдаулар жүргізгеннен кейін біз бірінші сынып оқушысына бірден 3 тілді меңгеру қиын екенін көрдік. Бұл – тиімсіз. Біз бұл мәселеге қатысты шешім қабылдадық. Енді қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Біз баланың алдымен өз ана тілінде оқуды және жазуды үйренуі үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Орыс тілінде оқитын мектептерде 1-сыныпта орыс тілі мен мемлекеттік тіл, ал 3-сыныптан бастап ағылшын тілі болады» деп түсіндірді министр.
Тілдің халық өмірінде атқарар рөлі орасан. Алдымен ол – біздің басты құндылығымыз. Бір елді екінші бір халықтан ажырататын да, ұлтқа ғана тән рухани байлықты да тілмен тікелей байланыста қараймыз.
Осы ретте аудан көлемінде тіл мәселесі аясында түрлі іс-шаралар жыл бойына атқарылып келеді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ аудандық филиалы түрлі іс-шараларды ұйымдастыруда.
– Тіл мәртебесін көтеру, келешек ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды дарыту мақсатында жыл бойына түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Өткізілген іс-шаралар туралы аудандық газет арқылы оқырманға ұдайы ақпарат беріліп отырады. Мысалы, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында Тереңөзектен шыққан тоғызқұмалақшылар Әлем, Азия чемпиондары Отан қорғаушыдан бата алды. Тіл жанашырларын қолдау жыл бойы жалғасын табуда. Десек те бұл тұста шешілмеген мәселе де жоқ емес. Қазіргі уақытта орыс сыныбына баратын қазақ балаларының ата-аналары арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ көше бойына орналастырылған жарнамалар тілі жөнінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесіп ҚР «Тілдер туралы» Заңының 21 бабына сәйкес халық арасында түсіндірме жұмыстары атқарылуда, – дейді халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ аудандық филиалының төрағасы Ш.Нұрсейітов.
Кез келген қызмет көрсетуде қазақ тілін таңдау – тілге деген құрметтің бастауы. Тіл мәртебесін көтеруде кәсіпкерлерге де артылар жүк жеңіл емес. Яғни жарнама немесе дүкеннің атын жазуда белгіленген нақты ережелер бар. Осы жерде аудандағы кәсіпкерлердің құлағына алтын сырға дегіміз келеді.
Ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» дейді. Тіл – мәдениеттің жемісі. Тіл жоғалса ұғымдар жоғалады, ұғымдармен бірге құндылықтар күйрейді, құндылықтармен қоса мәдениет те мәресіне жетеді. Бұл нағыз деградацияға апаратын жол. «Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» дейді ұлт жанашыры. Бұл даналық сөзді дәйектеп жатудың өзі артық.
Тіл өлсе, ұлт жоғалады. Тілден өзге ешбір ерекшелік ұлтты ұлт ретінде сақтап қала алмайды. Тіл – мәңгілік құндылық. Ұлттық дүниемізді халық арасында насихаттау, жеткізу үшін ең әуелі тіліміз түзу болмақ керек. Тіл – халықтың қазынасы, ұлттың мұрасы. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Бұл сөзге жасанды жанашырлықпен емес, терең түсінікпен қарасақ екен.
Жақында мемлекеттік тіл мәребесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған республикалық конференцияға қатыстық. Сонда сөз алған ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев ағамыз «Тіл – саясаттың ісі емес, тіл – жүректің ісі» дегені бар еді. Расында да тілге деген құрметті сыртқы күшке ысырып салудың қажеті шамалы. Әркім-ақ тіл болашағына шын жанашырлық танытып, құрмет көрсетер болса, қазақ тілінің мәртебесі биік болмақ.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ