Көрермен көңілінен шыққан кеш
Қай кезде де идеология саласының күретамыры саналатын мәдениет қоғам өмірінен алыстаған емес. Күнделікті тоқтаусыз жүріп жатқан саланың тіршілігі өзіндік қиындығымен, қызығымен өзге қызметтен дараланады. Шыңдалу, жетілу, кәсіби тұрғыдан өсу әрбір сала маманының алға қойған мақсатына айналған. Бұл ретте, мәдениет саласының мамандары үнемі ізденіс үстінде жүреді. Осы орайда, аптаның сейсенбісінде қажыр-қайратымен халық үшін жұмыс жасап келе жатқан мәдениет саласының қызметкерлерінің өнеріне тәнті болдық.
Анығын айтқанда, аудандық мәдениет үйінде «Балалар жылы» аясында Айдарлы ауылдық Ғафурдин Жанұзақов атындағы клуб үйінің ұйымдастыруымен «Өнерпаз болсаң арқалан» тақырыбындағы өнер фестивалі жалғасын тапты. Өнер фестивалі барысында дарынды драматург Айжан Атымтаеваның «Кім патша?» ертегі инсценировкасы желісімен дайындалған қойылым көпшілік назарына ұсынылды.
Адамның таным көкжиегін дамыта түсетін әсерлі қойылымды тамашалауға аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, саяси ғылымдарының докторы, профессор, журналист, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір, айтыскер ақын Мамыр Бәйдәулетов, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Қалдыбек Айтбаев, «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы, Айдарлы ауылының әкімі Айбол Ержанов, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Зайдағали Жүсіпбайұлы, мәдениет майталманы Сансызбай Сәдуақасов, еңбек ардагері Мектепхан Елеусінов, дербес бөлім басшылары, аудан меймандары мен тұрғындары арнайы келді.
Көрерменнің көңілінен шыққан концерт Айдарлы ауылдық Ғафурдин Жанұзақов атындағы клуб үйінің жыл бойы атқарған жұмысын таныстыруға арналған бейнекөрініспен басталды. Негізінен, іргелі ұжым ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Түркістан облысында өткен «Рухани қазына – 2022» республикалық фестивалінің арнайы дипломымен марапатталып, Қызылорда облысы бойынша 115 ауылдық клубтың ішінен «Үздік клуб – 2022» атанған болатын. Жылды табысты қорытындылап отырған ауылдық Ғафурдин Жанұзақов атындағы клуб үйі жанынан «Тұрмағанбет» өнер мектебі мен «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының бірнеше үйірмесі тұрақты түрде жұмыс жасайды. Әрбір үйірмеде өнерлі өрендер тәрбиеленіп келеді.
Аудандық мәдениет үйінде сахналанған «Кім патша?» ертегісі орман патшалығына иелік ету үшін таққа таласқан аңдар жайында баяндалады. Әрбір аң бір күнге таққа отырып, орманға әмірлік жүргізеді. Өзінің талап-тілегін орындатады. Сан алуан қоғамның бет-бейнесін суреттеген қойылым үлкен мен кішіні терең ойға батыратыны жасырын емес. Осындай мән-мағынасы жоғары қойылымды жарыққа шығарған режисер Рахия Абдукаримова мен суретші Бақытжан Әлтаевтың еңбегі зор. Ал қойылымды сәтті ойнаған әртістер құрамы бар мақтауға лайық.
Қойылым барысында өнерпаздар ән, би, күй, дәстүрлі музыка, көркем сөз шеберлері өз өнерлерін көрсетті. Айта кетейік, әнші Ботакөз Смайлова «Ассалаумағалейкум» әнін, «Нұрай» би тобы «Қазақ» пен «Мыстандар» биін, жас домбырашы Дәулетхан Көзейбай «Ерке сылқым» күйін, жыршылар тобы «Ақсиса» және «Тәлім» термесін, көркемсөз шебері Нұрислам Амангелді «Дүрбелең», Аруна Асан мен Сезім Мырзахмет «Кәмила мен Жәмила» сықағын, Айнұр Нұрланқызы «Махамбеттің соңғы сөзі» монологын, өнерпаз өрендер «Жан жылуы», «Айдарлы жастары» әнін орындап, жергілікті халықтың жоғары бағасына ие болды. Қойылым желісінде өз тағына қайта оралған аң патшасы арыстанның құрметіне «Көркем сурет» және «Бисермен өру» үйірмесінің мүшелері қолдан жасалған сыйлық тарту етті.
Өз кезегінде саяси ғылымдарының докторы, профессор, журналист, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір сөз алып, өте қызықты, мағыналы қойылым жайында өз пікірін білдірді.
– Бірнеше жылдан бері туған жерім – Сырдария ауданынан жырақта болдым. Қашанда ауданымызда елеулі оқиға орын алса, қуанышпен қабылдаймыз. Барлық жерлесімізге тілеулестік білдіріп отырамыз. Бүгін сахнада тамашалаған қойылымның композициялық құрылымы, тағылымға толы мағынасы терең болды. Барлық өнерлі жандар ауылдан шығатынына көзіміз жетті. Ұлт руханиятын жаңғыртуда мәдениет саласының атқаратын рөлі зор. Өзім туған ауылдың өнерпаздары талантымен көпшілікке танылғаны зор мақтаныш. Ізгілік мұрасын дәріптеп, балаларды өнерге баулу – аса жауапты іс. Осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан Анар Қалдыбаеваның есімін ерекше айта кеткен жөн. Осыдан бір жыл бұрын аудан бойынша «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығын ашып, қаншама баланың өнер үйренуіне жағдай жасауда. Алдағы уақытта республикада аудан жастарының есімі жақсы жағынан шығуына тілектестік білдіремін, – деді Әбдіжәлел Бәкір.
Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев ауданға ат басын бұрған Әбдіжәлел Бәкірге қазақтың ұлттық аспабы домбыраны сыйға берді.
– Өздеріңізге белгілі, халқымызда «Өнер – өміршең, мәдениет – мәңгілік» деген мағыналы сөз бар. Ал сол өнер мен мәдениеттің алтын бесігі – ауыл десек ешқашан қателеспейміз. Бүгін құт қонып, бақ дарыған Айдарлы ауылының өнерпаздары бізге өз өнерлерін ұсынып, көтеріңкі көңіл күй-сыйлады. Ең алдымен, өнер ұжымын бастап келген аудандық мәслихат депутаты, Айдарлы ауылдық клуб үйінің директоры Анар Сражадинқызына алғысымды білдіремін. Айдарлылық өнерпаздардың бұл тамаша туындыны сахнада жоғары деңгейде сомдағанын осыдан бірнеше ай бұрын естігенмін. Сонда өнер саласының өкілдері ауыл өнерпаздарының еңбегін, ізденісін жоғары бағалап, облыстық, аудандық деңгейдегі кез келген мәдени-көпшілік іс-шараға ұсынуға болатынын айтқан еді. Сахнадағы әрбір рөл иесі өзінің кәсіби тәжірибесі мен талантын танытты деп айтуға болады. Бұл – үлкен дайындықтың, маңдай тердің және өзара сыйластық пен бірліктің белгісі. Жалпы, Айдарлы ауылынан елімізге белгілі өнер майталмандары түлеп ұшқан. Олар Сыр мәдениетінің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Солардың ізбасары ретінде бүгін Айдарлы ауылының өнерпаздары аудан жұртшылығына тамаша қойылым қойып, жас өнерпаздардың таланты ерекше екенін байқадық. Ұжымға шынайы алғысымызды білдіремін. Алдағы уақытта шығармашылық табыс тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары.
«Өнерпаз болсаң арқалан» атты өнер фестивалі аясында аудандық мәдениет үйінде көрме ұйымдастырылды. «Шешендік өнер» үйірмесінің мүшелері қазақтың 3 биінің образын сомдады. Көрмеде қадірменді меймандар жеке кәсіпкер, атақты ісмер Роза Әлбатырованыңкілемшелерін, қолөнерші Сраждин Акимовтің құнды жәдігерін, белсенді жас Ережеп Есенкелдінің ағаш бұйымдарын, «Бисер өру» және «Көркем сурет» үйірмесінің туындыларын тамашалады. Сонымен бірге көпшілікке Айдарлы ауылы жайында жазылған кітаптардың көрмесін кітапханашы Балзарина Асан таныстырды.
– Бүгінгі кеш барысында ерекше қобалжу болды. Сахнада өнер көрсеткен әрбір айдарлылық өнерпаздың еңбегі ерекше екенін айта кету керек. Сондықтан да олардың өнерін жоғары бағалаймын. Қойылымды тамашалаған көрерменнің қошеметін де соны сезініп, біз айрықша серпіліс алдық. «Өнерпаз болсаң арқалан» атты өнер фестивалі жыл басынан бері жалғасын тапқан болатын. Әріптестеріміз аудан тұрғындарына жоғары көңіл-күй сыйлады. Қолдау көрсеткен барлық жанға алғысымды айтамын, – деді Айдарлы ауылдық Ғафурдин Жанұзақов атындағы клуб үйінің директоры Анар Қалдыбаева.
Айта кетейік, аудан халқына арнап Айдарлы ауылы әкімшілігінің ықылас гүлі сахна төріне қойылды. Сонымен бірге кеш қонақтары «Еңбек даңқы» музейін аралап көрді. Осындай ерекше кештің куәсі болған жергілікті халық шат-шадыман көңіл-күйде тарқасты.
Балтабай ОРДАБЕКОВ