Есті әндер естен кетпейді
Жазушы Ғабит Мүсірепов «Тіл жеткізбесті ән жеткізері де бар» деп айтпаса керек-ті. Қазақтың атақты әншісі Әміре Қашаубаев өткен ғасырда Париж сахнасын әуезді әнімен әуелеткенде Еуропа халқы таңданыс білдіргені рас.
Тілі шұрайлы, мағынасы терең ұлттық ән өнері сан тарапқа бөлінетіні белгілі. Дәстүрлі, классикалық, эстрадалық секілді бірнеше жанрды тоғыстыратын музыка заман ағымына сай өзгеріп отырады. Көпшілік көкейінде есті әннен түсініксіз шығарманың төрге озғандығы жөнінде сан алуан пікір жүр. Ел арасында тыңдарман талғам үдесінен шығатын әнді іріктеу мақсатында көркемдік кеңес құрылу керектігі жөнінде мәселе қозғалғанына да біраз уақыт болды.
Расында, ән халықтың үні саналады. Әлем жұртшылығын бір-бірімен музыка жақындастыратыны да белгілі. Осындай тылсым құдіретке ие ән өнерін өзгеше бағытта өзгерте беру де үлкен қателік. Әлемдік тәжірибені қолданысқа енгізуге көңіл бөлгенмен, қазақы сазды қаз-қалпында сақтау керек. Ертеректен келе жатқан құндылығы жоғары мұраны кеңінен насихаттаудың өзіндік рөлі бар. Қазіргі уақытта жеті нотаны жетік меңгерген өнерпаз қауымға айтылар сын көп. Әрине, тыңдарманға ұсынатын әннің мазмұны олқылау көрінген жағдайда жұртшылық орынды пікір айтуы – заңдылық. Өз-өзін алдап қана қоймай, дүйім елге ұнамсыз кейіпте шығуында ешқандай мән-мағына көрмейміз. Шын мәнінде, сахна мәдениетінің сақталуы, әннің мәтіні дұрыс жазылмауы, жанрдың шатасуы әдетке айналып бара жатқаны қынжылтады.
Жақында ҚР Парламентінің мәжіліс депутаты Мақпал Мыса осы мәселеге байланысты ҚР Бас прокуроры Берік Асылов пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа сауал жолдаған болатын. Халық қалаулысының пікірінше, сорақылық төрге озып, сахнаны былғаған жандар жетерлік. Ұлттық құндылықты аяқасты еткен жандар жауапкершілік жүгін арқалауы тиіс екен. Иә, сахна төрінде ішімдік ішкен өнерпаздар былапыт сөзімен айналасын елетіп, әдепсіздік танытуы ешбір жақтауға келмейді. Мәдениеттілік өлшемі таразыға түскенде қазақы әдет-ғұрып, отбасында қалыптасқан тәрбие тасада қалмауы тиіс. Жын-ойнаққа иланған көпшіліктің сана-сезімін билеу қиындық соқтырмай тұр. Шын мәнінде, жұртшылық жеңіл шығармаға тез дағдыланып, соның құрсауынан шыға алмай жатады.
Елімізде күйіп тұрған тақырыптың бірі – әрбір музыканттың жанды дауыста ән айтпауы. Тыңдарман қауымға дауысы жазылған күйінде ән айтқан кейіпте көріну өнер жұлдыздарының немқұрайлылығын көрсетеді. Кәсіби тұрғыдан қалыптасқан, сахнада бірнеше жыл ысылған әншінің мұндай әрекетке баруының түрлі себебі бар. Мәселен, жоғары деңгейде концерт ұйымдастыру барысында музыкалық аппаратураның сапасына мән беріледі. Дауыс қою, әнді орындауда іркіліс болмау үшін әнші біткен фонограма қолдануды жөн санайды. Бір жылдары «Мәдениет» туралы заңға өзгеріс енгізу бойынша тиісті министрлік тарапынан бірнеше ұсыныс айтылған болатын. Негізінен, әнші концерт өткізілетінін алдында жарманамаға нақты фонограмамен орындайтығы жөнінде хабарлауы тиіс болған. Сондай-ақ концерт барысында әншінің мінез-құлқы дұрыс болуы одан міндеттеледі. Ал балағат сөзі бар репертуарға жол берілмейтін болған. Дегенмен, қазіргі уақытта өз дегенімен жүретін өнерпаздар бұған бейқамдық танытып келеді.
Жылдар бойы тыңдарман жүрегінен жол тапқан дәстүрлі әншілердің өнерде алатын өзіндік орны бар. Халық әндерін, әр өңірге байланысты айталатын дәтүрлі музыка көңілге қонымды болуымен ерекше. Естияр жандар талғамға сай, ән таңдайтыны даусыз. Осындай мезетте пәтуасыз, мағынасыз әннің мәтінінің дұрыс жазылуы маңызды рөл ойнайтындығын айтудан жалықпаймыз. Құлақтың құрышын қандыратын есті әннің бағасын қашанда халық арттыратыны рас. Сондықтан түсініксіз, қазаққа жат әнге сараптау жұмысы жүргізілгені – мәдениет саласының мәртебесін биіктетеді. Көркемдік кеңестің сүзгісінен өткізілген әннің өмершеңдігі жоғалмайды. Ендеше, сазгер мен ақын, әнші қазақы салт-санамызға сай келетін әнді көптеп шығара берсе, бұрынғыдай есті әндеріміз де көбейер.
Балтабай ОРДАБЕКОВ