Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАУ – ПАРЫЗ

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАУ – ПАРЫЗ


Ұлттық өнер ғасырлар бойы өз алдына жетіліп, заман көшіне бір-бірте ілескені анық. Қоңыр үнді қазақ музыкасының тарландары алтын қорға мән-мағынасы жоғары өшпес мұраларын қалдырып кетті. Дәстүрімізден айнымай басты құндылықтарымызды жылдар бойына дамытқан қайраткерлер еңбегі зор. Дархан дала кеңестігіне талант біткен дарабоздар қатары шоғырланып, рухани мәдениетімізді қалыптастырғаны мәлім. Қанымызға сіңіп, түпкі мүддемізге айналған есті әндер бүгінгі күнге дейін ел аузында сақталған. Сондықтанда адам рухын оятар бәсі биік дәстүрлі музыка өнері мен қазақ менталитеті бір арнаға ұйысады.
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жариялаған уақытта түпкі мақсаты айқындалып, бағдарламалық міндеті халыққа түсіндірілді. Мазмұнына тереңдей білсек, нағыз келешекті кемелдендіретін жаңғыру тетіктерін аңғарасыз. Болашағы айқын мемлекет тарихында қазақ музыкасының алар орны ерекше. Әуезділігімен адамдарды еліте білетін халық әндері заманына қарай заңғарланады. Көне түркі дәуірінен бастау алатын саф алтындай өнеріміз сырлы сазды, терең толғанысқа, кең тынысты, әуезді әндерге құрылған. Тұрғылықты жерлерге байланысты Сыр бойында, Атырау алқабында, Жетісу, Орталық Қазақстан аймақтарында жақсы дамыған. Десек те, Қазақстан аумағының басым көпшілігінде орындаушылық шеберлік негіздері сақталмаған. Ауызекі дәстүрге негізделген суырып салма ақындық қасиет, айтыс, текті ұрпақты тәрбиелеудің айрықша құралы терме, жан дүниені толғандыратын күй өнері ата-бабамыздан қалған құндылықтарымыз. Ертеректе ұлт жанының рухани бағдаршамы бола білген тұлғалар қатарына Қорқыт ата, бертін келе Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Сәди, Жаяу Мұса, Естай, Үкілі Ыбырай, Нартай, Майра, Кенен Әзірбаев күйшілер Ықылас, Сейтек, Сүгір, Тәттімбет, Сарымалай, Құрманғазы, Дәулеткерей, Казанғап секілді тағы басқа майталмандарды жатқызамыз. Осылайша, ел болып, әлем сахнасынан орын ала бастаған кезеңдерде мәдениетімізді биік шыңға шығарған тұлғалар есімі ел жадында мәңгі сақталатыны хақ.
Өткен ғасырдың шеңберінде музыка саласында табанды өзгерістер орын алып, дәстүрлі ән өнерімен бірге классикалық, опералық, эстрадалық жанрлар жаңа толқынды тудырды. Нәтижесінде әлемдік озық үлгілерге лайықталған туындылар жарыққа шығып, қазақ ортасына сан түрлі жанрлар шоғыры еніп кетті. Батыс, Шығыс, Еуропа, Азия мемлекеттеріне ұлт мақтаныштары табан тіреп, қанмен келген өнер киесін ұғындырды. Атын атамасақта біртуар азаматтар Ұлы дала мәдениетін жаңғыртып, қазақ секілді текті халық бар екенін айрықша танытты.
Ендігі кезекте біздер ескінің есті дүниелерін тізбектей келе, бүгінгі күннің жай-күйін саралап көрейік. Жаңа ғасыр белесінде тәуелсіз мемлекеттің музыка өнерінің кейбір тұстары кемшілікке толы. Бәлкім, заман ағымына ілесу үдерісін басқаша қалыптастырған іспеттіміз. Даңғазалықтың дарақы жолы көзге айрықша байқалады. Сахна мәдениетін ұстау, кісілік қасиетті сақтау секілді жәйттер кенжелеп қалғандай. Дұрыс жағынан өзгеру өз болмысымыздың өлшемі. Бұрынғы өнер саласының басты қайнар көзі ертеңгі ұрпаққа тұщымды дүние қалдыру екені анық. Бүгінде танымалдылықты табыс игіліне айналдырып, пиарға тәуелділік дәурені жүріп жатыр. Әншілердің жеке фанаттары мыңнан асып, сүйіп тыңдайтын тыңдармандары жарық жұлдыздарға теңеп қойған. Сөздің шырайлы, мазмұны жоғары, талғамға сай болуы, қалың көпшілікті жалықтырмайды. Қайталама сөздермен қатар, жеңіл әуенге құрылған әндерден халық мезі болғандай. Жастардың көпшілігі тұстастай мән-мағанасыз әндерге елітіп, рухани тұрғыдан жұтаң тартып барады. Жүре келе ондай мәнсіз, мағынасыз әндер халық жадынан өшіп тынады.
Десе де, санадан мәңгі өшпейтін Абайдың, Біржан салдың, Ахан серінің әндерімен, Дәулеткерей, Құрманғазы мен Тәттімбеттің күйлері, кешегі Шәмші әндері қай кезде тыңдасаң да құлақ құрышын қандыратын дәмді, рухани бай, ел жадынан өшпейтін мұралар. Әрине «жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Қазақ өнерінің қай түрінен де қазақты әлемге танытып жүрген тұлғалар, оның ішінде жастар да аз емес.
Ұрпақтар сабақтастығы бұзылмай, айрандай ұйыған ұлтымызға жат әдеттер лек-легімен келуіне тосқауыл қойып, санамыздың улануына жол бермеген жөн. Өзгеден керек дүниені ғана алып, қажетімізге жаратсақ жетіп жатыр. Жаңғыру жолында ілкімді істер қолға алынуда. Сананың бұзылмауына бірден-бір себепкер мәдениеттің ластанбауы. Рейтинг қуған заманда фонограмма, өзгенің әуен ырғақтарына құда түсу секілді қателік жоғалмайынша ата-баба салған ізді, ұлық дәстүрді жаңғырта алмаймыз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
29 желтоқсан 2017 ж. 2 916 0