Бүгін Астанада ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтті
«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңда әкімнің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін нақтылайтын норма жоқ. Бұл – дұрыс емес.
Әкімдер тұрғындарға сайлау алдындағы бағдарламасының орындалуы туралы жиі есеп беріп тұруға тиіс. Мұны заңмен бекіту керек.
Уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктері қарастырылуы қажет. Ондай әкімдер халықтың талабымен немесе саяси партиялардың ұсынысымен жұмыстан шығарылуға тиіс.
Сонда әкім болуға үміткерлер де елге экономикалық негізі жоқ құрғақ уәде бере алмайды. Мұндай жалаң сөздер, яғни популистік әрекеттер халықтың ауыл әкімдеріне, тіпті тұтас сайлау институтына деген сенімін азайтуы мүмкін.
Үкімет әкімдердің сайлау алдындағы бағдарламасының экономикалық бөлігіне қойылатын талаптарды айқындауы керек. Сапалы дайындалған бағдарламаны аймақтың даму жоспарымен үйлестіруге болады. Жалпы, осындай шаралар әкімдердің есептілігін күшейтеді. Сондай-ақ өз үміткерлерін ұсынған партиялардың жауапкершілігін арттырады».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекет басшысы ретінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына айрықша мән беремін»
«Елімізде азаматтардың өтінішін қарауға қатысты ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір ауыл әкімі бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы тұрғындардың мәселелерін еш қиындықсыз сараптай алады. Өтініш жолдаған әрбір адамның сауалына нақты жауап берілуге тиіс.
Әдетте, мұндай хаттардың көбі аймақтағы инфрақұрылым, соның ішінде, жол, аула және балалар алаңы туралы болады. Бұл – жергілікті жерде шешімін табуға тиіс негізгі мәселелер.
Бірақ әкімдіктер көп жағдайда мұндай өтініштерге атүсті қарайды. Амалы таусылған жұрт орталыққа, тіпті, Президент Әкімшілігіне шағымдануға мәжбүр. Азаматтардың өз әкіміне деген сенім деңгейін осындай хаттардың санынан байқауға болады».
Президент: «Тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, алға бастай білетін әкімді нағыз әкім деуге болады»
«Жыл өткен сайын халықтың талап-тілегі артып келеді. Бұл – бүкіл әлемге ортақ үрдіс. Әкімдер халыққа құрметпен, шыдамдылықпен, түсіністікпен қарап, азаматтармен ашық әңгіме жүргізуге тиіс.
Олар барлық мәселені мүмкіндігінше өз деңгейінде шұғыл және сапалы шешуі қажет. Бірақ бұл міндетті атқару үшін жергілікті әкімдердің қолында тиісті құзыреті болуы керек. Атқарылып жатқан жұмыстың мән-жайын үнемі жұртқа түсіндіріп отырған жөн.
«Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Әрине, айтылған ұсыныс-пікірге назар аудару керек. Бірақ әркімнің, әсіресе, іс-әрекеті ерсі, ниеті теріс, тіпті, арандатушы адамдардың ығына жығылмай, жетегінде кетпей, ақылға қонымды ұсынысты ғана қабылдау қажет.
Негізі, бұл – барлық деңгейдегі әкімдерге ортақ ұстаным. Тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, алға бастай білетін әкімді нағыз әкім деуге болады.
Мен жақында «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл – әрбір мемлекеттік қызметшінің, әсіресе әкімдердің жұмысына бағдар беретін өте маңызды құжат».
Мемлекет басшысы төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыруды тапсырды
«Әкімдердің өкілеттігін қайта қарау мен жауапкершілігін күшейту экономикалық ресурстарды рационалды бөлумен қатар сауатты жүргізілуге тиіс. Әйтпесе аталған бағыттағы реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді.
Ауылдық округтердің өзін өзі қамту деңгейін арттыру мақсатында бюджеттің төртінші буынына салық пен төлемдердің 25 түрі берілді. Жаңа Бюджет кодексі аясында бұл тізбекке кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру салығы да қосылды.
Төртінші деңгейлі бюджет енгізілгеннен бері (2018 жыл) ауылдық округтердегі түсім төрт есе ұлғайтып, 130 миллиард теңгеден асты. Оң өзгеріс байқалады.
Алайда ауылдық округтер аудан мен облыстың қаржылай қолдауынсыз әлеуметтік-экономикалық мәселелерді әлі де шеше алмайды. Оған қоса кейбір өңірлерде жергілікті бюджетте халықтың саны мен ауылдық округтердің экономикалық құрылымына байланысты алшақтық бар.
Біз тұрақты салық түсімінің басым бөлігін жергілікті жерлерге, ең бастысы, аудандық деңгейге бердік. Бұл – өте дұрыс.
Десек те жергілікті өзін өзі басқару бюджетіне қолдауды күшейту қажеттілігі туындап отыр. Өйткені қазір оған тиісінше қаражат бөлінбеген. Ақиқатында, кей кәсіпорындар ауылдық округтарда пайда табады, жергілікті тұрғындардың еңбегін қолданады, бірақ салықты өздері тіркелген аудан немесе қала бюджетіне төлейді.
Сондықтан Үкімет бұл қағидатқа теңгерімді тәсіл қолдану мүмкіндігін қарастырғаны дұрыс болар еді. Қанша дегенмен жергілікті жерлерге де қандай да бір кіріс түсуі қажет қой. Яғни «салықты жұмыс істейтін және табыс табатын жерде төле» қағидатын іске асырған жөн. Үкіметке берілген тапсырма түсінікті: кем дегенде кірістің бір бөлігі жергілікті жерде қалуға тиіс».
Мемлекет басшысы салық-бюджет үдерістерін жетілдіруге қатысты бірнеше ұсыныс айтты
«Заңды тұлғалардың мүлік және жеке табыс салығының белгілі бір бөлігі аудандардың қосымша трансферттері арқылы төртінші деңгейлі бюджетке аударылғаны жөн. Мұның бәрін Үкімет өңірлер арасындағы алшақтықты реттеуді көздейтін Аймақтық стандарттар жүйесімен ұштастыруы қажет.
Бірқатар өңір тұрғындары үшін экологиялық айыппұлдарды толық төлеу аса өзекті мәселе. Өндіріс орындары экологияға шектен тыс зиян келтіретін елді мекендер тұрғындары мұндай төлемдердің бір бөлігі жергілікті бюджетке түскенін қалайды. Олар бұған толық құқылы.
Байқалған теңсіздікті реттеп, мемлекеттік саясаттың ашықтығын, тиімділігі мен әділдігін қамтамасыз ету үшін біз салық-бюджет үдерістерін жүйелі түрде жетілдіре береміз. Бұл – Үкімет жұмысының маңызды бағыты.
Үкімет өңірдегі бюджет деңгейлері арасында қазынадан қаржы алуға лимит қою мәселесін қарастыруы керек».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Цифрлық Қазақстанды ауылдар мен ауылдық округтерсіз құру мүмкін емес»
«Ауылдық округтер әкімдері өздерінің кеңейтілген өкілеттіктерін толық іске асырып, салық түсімдерін ұлғайту мақсатында қолданыстағы ақпараттық платформалармен жұмыс істей білуі қажет.
Цифрлық Қазақстанды ауылдар мен ауылдық округтерсіз құру мүмкін емес. Жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру дәуірінде бұл іске ауыл әкімдері де белсенді түрде атсалысқаны жөн.
Елді мекендерді цифрландыру ауыл мен қала тұрғындарының тұрмыс сапасын айтарлықтай теңестіреді. Сондықтан Үкімет бұл бағыттағы жұмысты басты басымдықтардың бірі ретінде қарастыруы қажет.
Жергілікті жерлерден алынған нақты әрі жедел ақпарат орталықта тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экономикалық дерекқор негізін қалап, ресурстарды әділ бөлуге ықпал етеді.
Алдағы үш жылда Қазақстанды толықтай цифрлық елге айналдыру – жаңа даму кезеңіндегі басты міндеттердің бірі. Болашақта еліміздің әлемде алатын орны осыған тікелей байланысты. Сондықтан мұны тіршілік үшін талас десек, артық айтқандық емес».
Мемлекет басшысы: «Өркениет көшінен қалмай, технологиялық жаңғыруды жылдамдату қажет»
«Осы аптада Президент Дональд Трамп АҚШ-тың технология саласындағы жаһандық үстемдігін қамтамасыз етуге арналған стратегиялық бастамасын жариялады.
Ол үшін жасанды интеллектінің бірыңғай платформасы құрылады. Бұл ғылыми зертханаларды, дата орталықтарды, цифрлық модельдерді және суперкомпьютер желісін біріктіретін ұлттық ақыл-ой алаңы болмақ. Аталған жүйе барлық аса маңызды бағыт бойынша жаңа технологиялар мен материалдарды әзірлеуге тың серпін береді. Ол жартылай өткізгіштерден бастап роботты техникаға дейінгі, ядролық энергетикадан бастап биомедицинаға дейінгі салаларды түгел қамтиды. Бұл арада зерттеу жобасы жайында емес, АҚШ-ты осы салада әлемдік көшбасшыға айналдыратын толыққанды платформа жөнінде әңгіме болып отыр.
Мұны іске асыру үшін бір жылға жетер-жетпес мерзім беріліп отыр. Сол себепті бізге де шара қолдану керек. Әлбетте, Қазақстан жаһандық ауқымдағы көшбасшылыққа таласпайды. Бірақ өркениет көшінен қалмай, технологиялық жаңғыруды жылдамдату қажет. Ойланып-толғанып жүруге уақыт аз».
Президент: «2029 жылға дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді»
«Ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керек. Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуымыз қажет. Осы бағытта біршама жұмыс атқарылды. Оның пайдалы екені де көпшілікке белгілі.
Алайда бірлескен шаруашылықтар әзірге ауыл экономикасының тірегі бола алмай тұр. Көбіне мұндай кооперативтерді бірнеше адам ғана құратыны жасырын емес. Олар жеке шаруашылық иелері және өнім өңдеушілер арасында делдал болып жүреді. Соған қарамастан мемлекеттен жеңілдіктер алады. Рас, мұндай теріс әрекеттерге тыйым салынбаған. Бірақ бұл ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға кедергі келтіреді.
Бірлестік (кооператив) құру бүкіл ел бойынша жүргізілуі керек. Сонда ғана ауылдағы ағайын бұл жұмыстың игілігін көреді. Жеке шаруалар біріге алмаса, мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы бар еңбегі зая кетеді. Сондықтан бұл жұмысты белсенді түрде қолға алуымыз қажет.
«Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беруде. Жоба аясында екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. 2029 жылға дейін осы бағдарламаға 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді».
Мемлекет басшысы ауылды дамыту үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының әлеуетін кеңінен пайдалануды тапсырды
«Қазіргі таңда бұл корпорациялардың ауыл экономикасына еш көмегі тимей тұр. Мен Жолдауымда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды толыққанды даму институтына айналдыру туралы тапсырма бердім. Үкімет және Президент Әкімшілігі бұл жұмыспен айналысып жатыр. Нақты нәтиже күтемін.
Осы корпорациялардың және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының ресурстарын ауыл бизнесіне қажетті инфрақұрылымды жетілдіру үшін жұмсаған абзал.
Көптеген аймақта мал бордақылайтын және мал соятын орындар тапшы. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, сақтау, тасымалдау, өткізу ісімен айналысатын және ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жөндеп, қызмет көрсететін сервистік дайындау орталықтары жетіспейді.
Ал оңтүстік өңірде суару арналары мен ирригация жүйелеріне қатысты мәселе – өте өзекті. Тиісті инфрақұрылым болса, әкімдердің жергілікті бизнесті қолдауға және инвестор тартуға мүмкіндігі артады.
Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізу үшін Аймақтық стандарттар жүйесіне өзгерту енгізу қажет. Жалпы, Үкімет ауыл экономикасын жандандыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі керек».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды»
«Мен биылғы Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім.
Бұл осыған дейінгі саяси өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтыра түсеміз, яғни еліміз Президенттік Республика болып қала береді.
Жаңа бастама қоғамда қызу талқыланып жатыр. Парламенттің құрылымына қатысты көптеген ұсыныс келіп түсуде. Мысалы, депутаттардың саны халық санына сәйкес, яғни пропорционалды болуға тиіс деген ойлар айтылуда. Мұндай ұстаныммен қарайтын болсақ, олардың саны 200 адамға жетеді. Қазір қос палатада 148 депутат бар.
Парламенттік реформа – екі палатаны жай біріктіре салу деген сөз емес. Меніңше, депутат санын тым көбейтудің қажеті жоқ. Керісінше, оңтайландыру керек, Парламенттің жұмысын жетілдіру қажет. Мысалы, бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды. Барлық депутаттар бірдей тәртіппен сайлануы қажет. Бұл – алдағы Парламенттік реформа аясында жасалатын аса маңызды қадам. Мұны жақсы ұғынып, жұртшылыққа кеңінен түсіндіру қажет».
Президент: «Біз нағыз кәсіби Парламентті жасақтауымыз керек»
«Заң шығару органына білікті әрі тәжірибелі мамандар, яғни өз ісінің майталмандары келуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, біз нағыз кәсіби Парламентті жасақтауымыз керек.
Жаңа комитеттер құру мәселесін қарастыру қажет. Цифрландыру, аймақтарды дамыту жұмысымен айналысатын комитеттер өз алдына бөлек болғаны жөн деп санаймын. Бұл мәселелерді арнайы жұмыс тобы мұқият зерделейді. Осы реформаға қатысты басқа да көптеген ұсыныстар бар. Соның бәрін әбден пысықтап, кейін жариялаймыз. Менің де осы аса маңызды реформа бойынша ұсыныстарым бар.
Жалпы, Конституциямызға енгізілетін түзету өте көп болуы мүмкін. Сондықтан референдум барысында халық жаңа Ата Заңға дауыс беретін болады деп айтсақ, қателеспейміз.
Осындай күрделі, жауапты жағдайда елімізде тыныштық, тұрақтылық болуы керек. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын бәріміз бір қоғам болып сақтауымыз керек. Құқық қорғау органдары өз кәсібилігін көрсетуі қажет. Арандатушыларға немесе «лас, көлеңкелі» саясатпен айналысқысы келетін адамдарға жол бермейміз».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. Себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі»
«Біз бүгін ауылға қатысты көптеген маңызды мәселені көтеріп, нақты міндеттерді айқындадық. Алдымызда тұрған міндеттің бәрін сапалы әрі жүйелі орындасақ, мақсатымызға жетеміз. Ауыл өмір сүруге қолайлы, еңбек етуге жайлы болуға тиіс.
Ауыл әкімі осы өте маңызды жұмыстың басы-қасында жүреді. Бүгін әкім Жанар Нұрмұратқызы «Таза Қазақстан» қозғалысы жөнінде өте өзекті мәселе көтерді. Оған алғыс айтамын. Мемлекеттік саясатты халыққа жеткізетін де, елдегі өзгерістердің, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың мән-маңызын жан-жақты түсіндіретін де – әкімдер. Мен Сіздерге зор үміт артамын.
Әкімнің ең басты міндеті – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру. Ауылдағы ағайынның әл-ауқаты жақсарса, ауылдарымыз да көркейеді деген сөз. Сіздер ауылды өркендету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Ауыл халқы елімізді дамытуға зор үлес қосуда. Мен осы сәтті пайдаланып, барлық ауыл тұрғындарына зор алғыс айтамын.
Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. Себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі. Ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен бірге дамытуымыз керек»
Президент:
«Бүгінгі жиында ауыл әкімдерімен қатар, Үкімет мүшелері және облыс әкімдері отыр. Өздеріңіз білесіздер, мен Үкіметке экономиканы сауықтыру үшін Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, нақты шаралар қабылдауды тапсырдым.
Осыған орай, өткен аптада үш жылға арналған Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Құжатта көрсетілген шаралар сапалы әрі уақтылы орындалуы керек. Бұл жұмысқа облыс әкімдері белсене атсалысуға тиіс.
Нақты ойластырылған ұсыныстарды Үкіметке енгізуге рұқсат беремін. Алдымызда тұрған басты мақсаттар: экономиканың тұрақты, сапалы өсімін қамтамасыз ету қажет; инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру арқылы тұрмыс жағдайын жақсарту қажет; жеке секторды дамытып, өндірісті жандандыру керек; дайын өнім экспортын көбейту қажет.
Мемлекетіміздің алдында әлі де көптеген сынақ пайда болуы мүмкін. Қазіргі таңда әлемдегі ахуал тұрақты емес, келешегі бұлыңғыр деуге болады. Кейбір елдердің егемендігі, жерінің тұтастығы әлі толық шешілмеген, тіпті, бұл мәселе халықаралық даулардың өзекті тақырыбына айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі әлсіреп кетті, жаһандық экономика да құбылмалы күйде.
Сондықтан бәріміз бір ұлт болып, қырағылықты сақтауымыз керек, жас ұрпаққа қамқорлық көрсетіп, дұрыс тәрбие беруіміз қажет, ішкі даулардан аулақ болып, ынтымақ-бірлігімізді нығайтуымыз керек. Жалпы, бәрімізге ортақ аса маңызды міндет – ел мүддесіне тиімді қызмет ету.
Қазақстанның егемендігі, дербестігі, тәуелсіздігі – бәрінен қымбат. Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған ең биік мақсат.
Мен ел Президенті ретінде бұл мақсатты орындау үшін барлық күш-жігерімді саламын.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Баршаңызға амандық, табыс тілеймін!»
Жиында Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылдық округінің әкімі Әділет Мұсағали, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Вагулино ауылдық округінің әкімі Ирина Шишкина, Алматы облысы Талғар ауданы Нұра ауылдық округінің әкімі Ахмет Оразбаев, Жамбыл облысы Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы, Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Тәңірберген ауылдық округінің әкімі Медет Бекжанов, Қостанай облысы Қостанай ауданы Владимир ауылдық округінің әкімі Әлия Жүнісова, Алматы облысы Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов, Абай облысы Көкпекті ауданы Шұғылбай ауылдық округінің әкімі Нұрлан Назарханов сөз сөйледі.
t.me/aqorda_resmi









