Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Көз тимесін!


«Әу» демейтін қазақ жоқ. Бұл осынау кең атырапты мекен еткен ұлы халықтың өнерге таласы бар екенін білдіреді. Бірақ «әу» дей бергеннің бәрі әнші емес. Оның ішінде, тек таланттылары ғана өнерімен өрге жүзіп, қазақтай елді жаһанға мәшһүр етеді.
Жаһан демекші, осындай әншілік дарынымен дүниежүзіне әйгілі болған әнші десе, бірден Әміре Қашаубаев еске түседі. Иә, жезтаңдай талант иесі өз дарынымен қазақ елін ғана емес, әлемді тәнті етті. Оның үстіне, Ә.Қашаубаев – Францияда өткен Экспо көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ. Сол Париж төріндегі әлемдік көрмеде қазақ әншісі «Балқадиша», «Ағаш аяқ», «Жалғыз арша», «Қос балапан» «Қанапия», «Үш дос» секілді әндерді шырқап, дүйім елдің ыстық ықыласына бөленгені белгілі. Одан кейін де Германияның Франкфурт-на-Майне қаласындағы Халықаралық ән байқауында өнер көрсеткенде оған тәнті болмағандар кемде-кем шығар. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың орта шеніне дейінгі уақытта өмір сүрген дүлдүл әнші осылайша қазақ жұртын төрткүл дүниеге паш етті.
Әнші Әміре Францияда Совет елі атынан өнер көрсетті. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни қазір қазақ жұртын танытып жүрген әнші десе кімді айтар едіңіз? Әрине, Құдай ерекше талант берген Димаш! Димаш Құдайбергеновтың әншілік қабілет қарымына, дара дарынына сөз жоқ. Жас әнші аз ғана уақыт ішінде әлемге танылып, әйгілі болған санаулы таланттылардың бірі, яки бірегейі. Неге дейсіз ғой? Өйткені, жоғарыда айтқан Әміре Қашаубаевтай жаһан жұртын тәнті етіп жүрген бірден-бір қазақ әншісі осы Димаш!
Талант иесіне ерекше дарын әкенің қанымен, ананың сүтімен дарығаны баршаға аян. Қанат пен Света Айтбаевтар – Қазақстанға белгілі әншілер. Димаштың ата-әжесі де ән әлемінің адамдары екен. Міне, солардан дарыған дарын Димашты дүниежүзіне танытты. Бір қызығы, бес жасынан ән салған бала түрлі ән байқауларда үнемі биік тұғырдан көрінген. Алғашында, республикалық байқауларда топ жарып жүрсе, кейіннен халықаралық фестивальдарға қатысып, Гран-при жеңімпазы атанған. Осындай жетістіктермен келіп, өнерлі жас қазақ эстрадасына қадам басу үшін «Саз әлемі» бағдарламасына қатысты. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демей ме?! Бірақ сол бағдарламада бірнеше қазы оны сынның астына алды. «Шыңғырып айту, өнер емес» дегендер болды. Ал сарапшылардың бірі «Ерекше дауыс, бірақ мұны Қазақстанда түсіне бермейді» деді.
Қазылар айтқаннан қорытынды шығарды ма, әлде оларға дәлелдегісі келді ме Димаш тікелей әлем сахнасына шығып кетті. Алдымен, «Славян базары» байқауына қатысып, қазақ атын бір шығарды. Одан соң өткен жылы Қытай еліндегі «Мен әншімін» телебайқауында алғашқы турдан-ақ көпшілікті сүйсінтті. Осы тележоба аясында «мен, мен» деген әлемдік тұғырдағы әншілер туындысын орындап шықты. Орындағанда олармен тең немесе асыра шырқамаса, кем болған жоқ. Сонысымен де ол әлем назарын өзіне аударды. Жұлдызы жанып, әп-сәтте танымал болып шыға келді. Сол байқаудың әр кезеңінде өте күрделі әндерді нақышына келтіре шырқады. Ал қазақтың қара домбырасымен күмбірлете күй шертіп, «Дайдидауды» ұлт аспаптары сүйемелдеуімен орындағанда тебіренбеген жүрек жоқ болар. Қалың қытай тербелгенде, қазақ жұрты елжірей тыңдады. Аталмыш шара барысында қытайлықтар Димаш туралы деректі фильм түсірді, БАҚ жарыса жазды.
Телебайқаудан соң Димаштың өнеріне тәнті болып, шартарап шулады. Тіпті, алғашты турда шырқаған «SOS d'un terrien en detresse» әнін Франция төрінде орындады. «Les années bonheur» («Бақытты жылдар») танымал телешоуына құрметті қонақ ретінде шақырылып, аталмыш әнді шырқағанда француздар орындарынан тұрып, құрмет көрсетті. Әйгілі Парижде Әміреден кейін ерекше дауыспен ән шырқаған екінші әнші осы Димаш десек қателеспейміз.
Шын талантқа тұсау жоқ. Былтыр Қытай мен Францияда өнер көрсетсе биыл дарынды әнші Лондонда шығармашылық концертін өткізді. Жеке концертіне әлемнің 46 елінен тыңдарман жиналды. Тұманды Альбионда екінің-бірі шығармашылық кешін өткізе бермейді. Сондықтан бұл да жас әншінің үлкен жетістіктерінің бірі.
Ал жыл соңына таман Димаш Құдайбергенов ел-жұртты тағы да таң-тамаша етті. Бұл жолы Ресей сахнасында, яғни Кремльде ән шырқады. Алдымен, «Новая волна-2018» халықаралық байқауында «А-Студио» тобының сүйемелдеуімен «Грешная страсть» әнін жоғары деңгейде орындады. Мұнан соң танымал композитор Игорь Крутоймен бірге «Любовь уставших лебедей» әнімен көршілес елдің ықыласына бөленді. Бұл әнді әлемге әйгілі әнші Лара Фабиан орындаған болатын. Ал Димаш әнді жаңа қырынан жан-тәнімен шырқап, мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Әрине, Ресей сахнасы біздегідей фонограмманы қосып, ауыз жыбырлату емес. Дауысы ерекше, дарыны барлар ғана әншілік өнердің биігін бағындырмақ. Міне, сол үдеден шыққан Димаш аз уақыт ішінде Ресейдің түрлі бағдарламаларында өнер көрсетті. Ал алпауыт елдің танымал жұлдыздарымен бірге «Жыл әні-2018» концертінде ән шырқауының өзі «әлем жұлдызы» екенін аңғартқандай. Енді сол елде әншінің жеке концерті өтеді деп жоспарланған.
Осы жылы да жас әнші Қытай елінде қазақша ән айтты. Жақында ғана өткен «Әлем аруы-2018» байқауында өзінің авторлық «Ұмытылмас күн» әнін шырқады. Жоғары диапазонмен, орындаушылық шеберлігімен кезекті рет қошеметке кенелді.
Жалпы, кез келген әнді жоғары деңгейде орындап, керемет күйге бөлейтін Димаш Құдайберген талантымен айналасы екі-үш жылдың ішінде әлемдік деңгейге шығып кетті. Оның ерекше дарынын көптеген композиторлар, әншілер, танымал тұлғалар мойындады. Қазақстандық әнші әр барған жерінде Қазақстанды танытып, ел мерейін асырып жүр. Әлемдік масштабта өнер биігіне енді қадам басты десек, ел мақтанышының әлі талай бағындырар белесі көп. Сондықтан шын талантқа өнер жолында талай тұғырды бағындыруына тілекшіміз. Тек көз тимесін!

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
23 желтоқсан 2018 ж. 864 0