Ұлт ұстазын жырға қосты
Кеше Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен «5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесіне арналған аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді. «Аузымен құс тістеген» жүйріктер бақ сынаған мүшәйра екі кезеңнен тұрды.
Жазба ақындар мүшәйрасында әрбір талапкер ұлт көсемі, ақын, педагог Ахмет Байтұрсынұлына арнау өлеңдерін оқыды. Қайраткердің ізгілік мұратын жырға қосқан олар ұлт ұстазының өмір жолына, ғылыми еңбектеріне, әдеби шығармаларына тоқталды. Саяси қызметі мен адами болмысын көркем сөзбен өрнектеді. Мүшәйраға қатысқан 9 ақын да тақырыпты кеңінен ашуға тырысты. Поэзияның түрлі жанры бойынша шеберліктерін байқатқан ақындар Ахмет Байтұрсынұлының ұлтты ұйыстыру жолындағы тың еңбектерін паш етті. Торғай топырығынан түлеп ұшқан тұғырлы тұлғаның өткен өмірі зерделенді.
Екінші кезеңде ақындар ұлт құндылығы – ана тіліміздің мәртебесін көтере білді. Әлемдегі ең күрделі, көркімдік жағынан ерекше түрлене білетін қазақ тілінің қазіргі жай-күйін жырға қосты. Ұлт болып қалыптасудағы тіліміздің өзіндік рөлі, айшықты мазмұны ақын өлеңіне арқау болды.
– Қос мереке аясында өткізілген аудандық мүшәйра жоғары деңгейде жүзеге асты. Бала күнімізден Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын жатқа оқыдық. Өзіміз филология саласында білім алғаннан кейін ғылыми еңбектеріне қанықтық. А.Байтұрсынұлы қазақ әліпбиін құрастырып, ұлтымызға ерекше тарту жасады. Қашан да ұлт ұстазының есімі кеңінен ұлықталуы тиіс. Сонымен бірге, ана тілімізді қастерлеп, барлық жағынан насихатталуына жұмыла жұмыс жасағанымыз дұрыс. Мүшәйрада жас ақындардың өлеңді жазу шеберлігі, өзіне тән мәнерінің қалыптасу деңгейі байқалды. Болашақта аудан мерейін асыратын жалынды жастардың бар екеніне қуанамыз, – дейді ақын Самат Жұмаділ.
Әділ қазылардың шешімімен аудандық мүшәйраның бас жүлдесін қоғалыкөлдік Ержан Мұхиятдинов, І орынды асқарлық Гүлзат Қалыбек, ІІ орынды қалжан ахундық Самат Жұмаділ, ІІІ орынды жетікөлдік Қанат Көзейбай мен сәкендік Бақтөре Айтбаев иеленді. Барлық ақынға арнайы диплом мен бағалы сыйлық табысталды.
Балтабай Аябекұлы