Ұлт ұстазына құрмет
Ұлт ұстазы, ақын Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Саналы ғұмырында ағартушылық саланы тереңнен зерттей білген тұлғаның есімін жаңғырту жұмыстары ауданымызда кеңінен ұйымдастырылуда. Осыған орай аудандық мәдениет үйінің ұйытқы болуымен «Ғасыр саңлағы» тақырыбында аудандық деңгейде жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді.
Аудандық мүшәйрада 7 талапкер бақ сынады. Жас ақындар екі кезең бойынша өз шеберліктерін байқатты. Олар бірінші кезеңде ұлт ұстазына арналған өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде Сыр өңірінен шыққан ақындардың өлеңдерін жатқа оқыды. Өлең өлкесінде орын алған ақындардың өнеріне халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ аудандық филиал төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов, аудандық мәдениет үйінің қызметкері Әбдірайым Тоқаяқов төрелік жасады.
– Ахмет Байтұрсынұлы бала күнінен білімге құштар болды. Кемеңгер тұлғаның ғылыми зерттеулері, шығармашылық еңбектері әрбір қазақ баласына жол нұсқаушы. Ұлттың рухани құндылығын байыту жолында педагог талмай еңбек етті. Бұл ретте жас ақындар қоғам қайраткерінің ғұмырнамасын жырға қосты. Қаламды қару еткен жастардың аяқ алысы жаман емес. Алдағы уақытта аудан мерейін көтеретін жас буын қаулап өсіп келе жатақына дән ризамыз. Қауырсын қаламды серік еткен жас талапкерлерге сәттілік, – деді Шаһарбек Нұрсейітов.
Қазылар алқасының шешімімен аудандық мүшайраның бас жүлдесін Мұхамеджан Мансұров жеңіп алды. Ал І орынды Гүлзат Аманкелдиева, ІІ орынды Бақтөре Айтбаев, ІІІ орынды Ақылбек Кетебай иеленді. Барлық қатысушыға арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ