Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тәуелсіздікті жырға қосты

Тәуелсіздікті жырға қосты

Жақында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Іңкәрдария ауылдық округі әкімшілігінің қолдауымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Мен өз елімнің патриотымын» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді.

Облыстық байқау екі кезеңнен тұрды. Мүшәйраға Қызылорда қаласы мен аудандардан бірнеше талапкер қатысып, бақтарын сынады. Жыр бәсекесінде жас ақындар Тәуелсіздік туралы толғауларымен көзге түсті. Сөз өнерінің шеберлері Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген толағай табыстар мен жетістіктерді, егемендік жауһарларын жырға қосты. Ал екінші кезеңде талапкерлерге өз шығармашылығын насихаттауға мүмкіндік берілді.

– Облыстық мүшәйра жоғары деңгейде өткізілді. Патриоттық тақырыпта қалам тербеген ақындардың көпшілігі егемендіктің оңайлықпен келмегенін атап өтті. Ата-баба аңсаған мұратына жету жолында талай соқпақты кезеңді бас­тан өткергенін, аумалы-төкпелі жылдардың жарқын естелігін жырға қосты. Туған жердің құндылығын арттырып, рухани байлығымызды бағалай білу керектігін ұғындырды, – дейді Іңкәрдария ауылдық клубының әдіскері Әйгерім Жұмабекова.

Жыр бәсекесінің қорытындысында жүлделі І орынды аралдық Алтынбек Қыстаубаев, ІІ орынды іңкәрдариялық Айкерім Суюнбаева, ІІІ орынды жаңақорғандық Айман Үсенова мен жалағаштық Дінмұхамбет Жаңбырбай иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы «Дип­лом» мен сыйлық тапсырылды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
03 тамыз 2021 ж. 770 0