Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлт ұлылығын жаңғыртқан өнер мектебі

Ұлт ұлылығын жаңғыртқан өнер мектебі

«Ел іші – өнер кеніші» деген. Ал Сыр бойы нағыз таланттылар мен өнерлілердің ордасы десек, артық айтқандық емес.

Қазақтың рухани дүниесі – үлкен тарихты, нақты халықтың дүниетанымын айна-қатесіз суреттейтін кемел өрнек. Мың­даған жылдар бойы сайын сахара төсінде дүбірлі дәурен сүрген ата-бабаларымыздан қалған қисапсыз рухани мұраның үлкен бір саласы – Сыр бойындағы күйшілік дәстүр. Аудандық өнер мектебінің ұстаздары талай жылдан бері еңбек етіп, осы дәстүрді, мол мұраны өскелең ұрпаққа өнеге етіп, киелі өнерді ұлықтап келеді.

1971 жылы ашылып, жас өркенді өнердің сан саласына баулыған өнер мектебінің алғашқы басшысы С.Жүнісов бол­са, одан кейінгі жылдары «ҚР білім беру ісінің үздігі», «ҚР мәдениет саласының үздігі», ауданның «Құрметті азаматтары» С.Сәдуақасұлы, Ж.Айсиндер бас­шылық етіп, аудан мәдениеті мен руханиятын жандандыру жолында тер төгуде. 2017 жылдың қыркүйегінен бастап Марат Сандыбайұлы басқарып келе жатқан өнер ордасында ән, би, аспаптарда ойнау үйірмесі бойынша барлығы 358 оқушы білім алса, оның 117-сі домбыра сыныбының шәкірттері.

Мектепте 12 домбыра маманы жұмыс жасаса, оның жетеуі кент орталығындағы өнер мек­те­бінде, қалғаны ауылдық филиалдарда. Айта кетейік, домбыра үйренуге талапты балалар үшін жағдай жасалып, 2013 жылдан Амангелді, Қоғалыкөл, А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун ауыл­дарында, 2020 жылдан бастап С.Сейфуллин ауылында мектеп филиалдары өз жұмысын бастаған.

Мықтының сайыста шыңдалып, өнерпаздың жарыста тәжі­рибе толықтыратынын ескерсек, өнер мектебінің атқарып жат­қан жұмысы оқушылардың талай бәйгеде бақ сынап, жүйрік атанып, жүлде иеленіп жүргенінен анық аңғарылады.

– Жас ұрпаққа берілетін білім мен тәрбие қоғам мен заман талаптарына сай болуы керек. Осы мақсатта Сырдария ауданының өнер мектебі біршама жұмыстар атқаруда. Ха­лықаралық, республикалық, облыстық, аудандық іс-шараларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген оқушылар қазіргі уақытта мектеп атын көкке көтеріп, талай сайыстан үздік шығып жүр, – дейді өнер мектебінің директоры М.Сәдуақас.

Қазақтың күй өнерінің ұмыт қал­мауы үшін аталған саланы жандандырып, күйшілік өнер жолын жалғап жүрген жас жеткіншек жетерлік. Қос ішекке қызығып, домбыра шертуге әуес балалар ұстаздардың ерен еңбегімен домбыраның құлағында ойнайтын күйшіге айналады. Сайыс­тарда бақ сынап, жүлдемен оралып, ұстаз мерейін арттырады. Атап айтар болсақ, бүгінде тіпті облыс көлемінде танымал күйші А.Қилымханов, Б.Қуанышұлы, А.Шағдатов, Е.Қожақов, М.Ескендіров, Ж.Сәрсенбаев, О.Дүйсенбаев, Д.Нұрабаевалар ұстазының үкілі үмітін ақтап, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Сондай-ақ еңбек жолында талай баланы он саусағынан күмбірлеген күй таматын күйшілік өнерге баулыған ұстаздар Қ.Жүнісов, Г.Сералиева, Ғ.Сансызбаев, Е.Айдарбекұлы, Т.Сәдуақастардың жетекшілігімен Е.Дүйсенбай, А.Базарбаева, Б.Бакишев, Р.Бақытжанұлы, Р.Сейіткәрімовтер биік белестерді бағындырған.

Одан бөлек, өнер мектебінде «Балауса» домбырашылар ансамблі жұмыс жасайды. Дарынды оқушылардан құралып, талай концерттің шымылдығын ашқан ансамбльге жоғары са­натты ұстаз Қуаныш Жүнісов жетекшілік етіп келеді. Мұға­лімдерден құрылған «Сыр сазы» фольклорлық ансамблі ау­дандық, облыстық көлемдегі мәдени іс-шаралардың көркін келтіріп жүр. Өнер мектебінің ұстаздары аудандық мәдениет үйі жанындағы «Құрақтың Досжаны» халық аспаптық оркестрінде өнер көрсетеді.

Мектеп мұғалімдері бүгінде жастармен толығуда. Оның ішінде М.Кенжебаев, А.Ағыбай, Б.Үсеновтер аудандық өнер мектебін тәмамдап, осы мамандық бойынша жоғарғы білім алып, қазір шәкірт тәрбиелеп жүр. Ал Ж.Айсин, Ә.Аманбаева, С.Сәдуақасұлы, Қ.Ерғалиева секілді ардагер-ұстаздар әрдайым мектеп ұжымына қолдау көрсетіп, ақыл-кеңестерімен бөлісіп келеді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламасында «Кез келген ел өзінің бола­шағын өскелең ұрпағымен байланыстырады, жастарымыз салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай бағып жүретін, көптің көке­йіне үміт отын жағып жүретін, адамзаттың озық ой көгінде ағып жүретіндей болуы керек» деп атап өтті. Ендеше, аудандық өнер мектебінің ұжымы да осы бағытта еңбегін жалғастыра бермек. Ұлт ұлылығының жарқын көрінісі рухани байлығымызды сақтау мен жаңғырту жолындағы еңбек қашан да елеулі.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
03 шілде 2021 ж. 639 0