Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Алтын дән – ел ырысы» атты ауыл шаруашылығы озаттарын марапаттау рәсімі өтті

«Алтын дән – ел ырысы» атты ауыл шаруашылығы озаттарын марапаттау рәсімі өтті

Бүгін «Алтын күз – 2026» мерекесіне орай “Алтын дән - ел ырысы” атты ауыл шаруашылығы озаттарын марапаттау рәсімі өтті. Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары, ардагерлер, шаруашылық төрағалары мен тұрғындар қатысты.

Озаттарды марапаттау рәсімінде аудан әкімі дала еңбеккерлерін мерекемен құттықтап, жыл бойы атқарылған еселі еңбектің нәтижесінде Сырдария ауданының ауыл шаруашылығы саласында қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.

- Баршаңызды дала еңбеккерлерінің мерейлі сәті – «Алтын күз» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сыр елінің қамбасын молайтып, береке мен бірліктің үлгісін көрсеткен сала еңбеккерлері бүгін ерен еңбектің төріне шығуда. Соңғы жылдары өңіріміз ел дамуының көшінде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Өңірдегі тұрақтылық, экономикалық өсім мен жоғары жетістіктеріміз – өздеріңіздің еселі еңбектеріңіздің жемісі. Халқымыз: «Бір түйір дәнде – бір тамшы тер бар» дейді. Қара жерді баптап, ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың жолын жалғаған Сыр диқандары биыл да туған өлкеміздің қамбасын алтын астыққа толтырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек» деп атап көрсетті. Президентіміз кеше ғана халыққа арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, озық технологияларды енгізу, ауыл өнімдерін терең өңдеу мәселесін басты міндет ретінде айқындады. Осы міндеттерді орындау мақсатында баршамыз бірлесе еңбек ететін боламыз», – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандарының және Қызылорда облысының құрметті азаматы Ибрагим Абибуллаев пен Қазақстанның Еңбек Ері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Абзал Ералиев ауыл шаруашылығы саласының маңызы мен дала еңбеккерлерінің қоғамдағы орнына тоқталып, мереке иелеріне ізгі тілектерін білдірді.

Мерекелік іс-шара барысында ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматқа құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, еңбек адамдары Ыбырай Жақаев атындағы төсбелгімен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, үздіктер мен озаттар марапат төрінен көрінді.

Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты. Көрермен назарына ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің тынымсыз тіршілігі мен дала еңбегінің қадір-қасиетін бейнелейтін театрландырылған қойылым ұсынылды. Қолөнер, кітап көрмелері мен кәсіп иелерінің өнімдері назарға ұсынылды.
31 қазан 2026 ж. 129 0