Жастарды жұмыспен қамту және қолдау шаралары – басты назарда
Жастар саясатын дамыту, оларды жұмыспен қамту және жан-жақты қолдау мәселелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айқындалған басым бағыттардың қатарында. Осы орайда Жолдауда көтерілген міндеттерді талқылау, жас мамандардың пікірлерін тыңдау және жастардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында «Жолдаудағы жастарды жұмыспен қамту және қолдау шаралары» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.Кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған жастар саясаты, жас буынды жұмыспен қамту, кәсіптік білім беру, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгерту және жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және қоғам өміріне белсенді араласуын қамтамасыз ету бағытындағы міндеттерге ерекше назар аударылды.
– Жастар – еліміздің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан жас буынның сапалы білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына және өз қабілетін жүзеге асыруына қажетті жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Жастарды қолдау тек әлеуметтік көмек көрсетумен шектелмей, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға, кәсіп бастауына және еңбек нарығында өз орнын табуына мүмкіндік беруді көздеуі тиіс. «Әділет» партиясы жастардың әлеуетін дамытуға бағытталған бастамаларды қолдай отырып, олардың өзекті мәселелерін шешуге атсалысуды басты міндеттерінің бірі санайды, – деді "Әділет" партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы.
Өз кезегінде жас мамандар жастарды жұмыспен қамту мәселесіне қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салып, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер, алғашқы жұмыс орнына орналасу, тәжірибе жинақтау және кәсіби өсу жолындағы өзекті мәселелерді көтерді.
Жиында қатысушылар жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру, жас мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жұмыс берушілер мен жастар арасындағы байланысты нығайту және ауыл жастарына тең мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Жас мамандармен өткен кездесуде партия белсендісі Жадыра Бағдатқызы жастардың ұсыныс-пікірлері мен талап-тілектерін назарға алып, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтты.
– Жастарға қолдау көрсету – еліміздің болашағына инвестиция салу деген сөз. Әрбір жас маманның еңбек етуіне, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына және өз ісін бастауына мүмкіндік берілуі керек. Жастардың білімді, бәсекеге қабілетті әрі бастамашыл болуы ел дамуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан біз жас буынның мәселелерін назардан тыс қалдырмай, оларды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу және әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстарға басымдық беруіміз қажет. Жастарға жасалған қолдау – жарқын болашақтың кепілі, – деп қорытындылады Жадыра Бағдатқызы.










