Қызылордада журналистер арасында «Media дода» зияткерлік сайысы өтті
Журналистика — тек ақпарат тарату құралы емес, ол қоғамның тамыр соғысын дөп басатын, сөздің салмағы мен жауапкершілігін қатар арқалайтын киелі де жауапты сала. Ширек ғасырға жуық осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан қаламгер ретінде айтарым: заман өзгергенімен, ақпарат айдынындағы шынайы кәсібилік пен ізденістің бағасы ешқашан төмендемек емес. Соның жарқын дәлеліндей, жақында Достық үйінде облыстық Журналистер клубының ұйытқы болуымен өңір қаламгерлерінің басын қосқан «Media дода» зияткерлік сайысы өтті.Салтанатты шараның шымылдығын ашқан Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының “Қоғамдық келісім және тіл орталығы” КММ директоры Бақытжан Камалов пен облыстық Журналистер клубының төрағасы Елена Рыбина қатысушыларға сәттілік тілеп, медиа саласының қоғамдағы рөліне тоқталды. Ал сайыскерлердің өнерін Елена Рыбина, Мартана Дәулетбаева және Әлібек Байшүленов бастаған тәжірибелі қазылар алқасы әділ таразылады.
Тартысты сайысқа «ТТМ» және «Достық» командалары қатысып, бақ сынасты. Тартысқа толы сайыс жоғары деңгейде өтіп, төрт негізгі кезеңді қамтыды:
«Зияткерлік аламан» — журналистика тарихы, заңнамасы және отандық медианың Сауық Жақанова, Сейдахмет Бердіқұлов, Әнуарбек Байжанбаев секілді біртуар тұлғалары мен маңызды даталары бойынша командалардың білімін сарапқа салды.
«Ойлан да, тап!» — тілшілердің логикалық ойлау жүйесін, эфирдегі жылдамдық пен тосын жағдайларда тиісті шешім қабылдау қабілетін сынады.
«Жұмбақ сандық» — Достық үйінің қарашаңырағында ұйымдастырылуына сай, этносаралық келісім мен түрлі этностардың салт-дәстүрлері мен мәдени құндылықтарын дәріптеуге арналды.
«Сөз сүзгісі» — қазіргі ақпарат кеңістігіндегі авторлық стиль мен жасанды интеллект генерациялаған мәтіндерді ажыратып, журналистикадағы жүрек жылуы мен азаматтық ұстанымның маңызын айшықтады.
Тартысты доданың қорытындысы бойынша жүзден жүйрік шыққан «ТТМ» командасы I орынды иеленіп, 50 мың теңгенің сертификатымен марапатталса, жүлделі II орынды «Достық» командасы қанжығасына байлап, 40 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
Марапаттау рәсімінде Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәурен Тлеумбетов жеңімпаздарды арнайы дипломдармен және сертификаттармен салтанатты түрде марапаттады.
Шара соңында Республикалық Журналистер клубының төрағасы Әлішер Гәпіржанұлы арнайы келіп, облыстағы Журналистер клубының жұмысына оң бағасын берді. Ол клубтың алдағы жоспарларымен бөлісіп, БАҚ өкілдеріне өзінің ыстық алғысын білдірді










