Тіршілік тынысы Сырдария аудандық қоғамдық-саяси газет
» » » Сырдарияда «Жұлдыз LIKE» телевизиялық жобасы түсірілді

Сырдарияда «Жұлдыз LIKE» телевизиялық жобасы түсірілді

Сырдария ауданында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Жұлдыз LIKE» телевизиялық жобасы өтті. Сырдария ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға ауданнан 6 өнерпаз жұп қатысты.

Телевизиялық жобаның ашылуында аудан әкімі Талғат Дүйсебаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жас таланттарға қолдау көрсету үшін ауданда ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Оның алғашқысы бүгінгі «Жұлдыз LIKE» жобасы екені айқын. Еліміздегі талантты тұлғалардың өнер жолы осындай байқаулардан, жобалардан басталған. Олар аудандық фестивальдерде өнер көрсетіп, биік белестерге шықты. «Жұлдыз LIKE» жобасы да ауданның талантты жастарының өнерін, орындаушылық шеберліктерін жетілдіруге, шығармашылық қолдау көрсетуге септігін тигізеді. Осындай іс-шара арқылы өнерлі жастарымыздың таланты шыңдалады. Сондықтан «Жұлдыз LIKE» жобасына қатысушыларына сәттілік тілеймін, – деді аудан басшысы.

Карантиндік талаптар сақталған мәдени іс-шара 2 кезең бойынша өрбіді. Алғашқы кезеңде өнерлі өрендер патриоттық әндерді шырқаса, екінші кезеңде еркін тақырыпта әндер орындады. Екі кезең бойынша барлық қатысушылар әндерді нақышына келтіре орындап, көрермендер көңілінен шықты. Ән шырқау барысында арнайы қойылымдар да қойылды.

Іс-шара қорытындысында Нағи Ілиясов ауылынан қатысқан Нұрбол Тұранов пен Ақбота Русланова «Жұлдыз LIKE» телевизиялық жобасының жеңімпазы атанды. Жеңімпаздар арнайы диплом және қаржылай сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен қаржылай сыйлық табыс етілді.

Айта кету керек, телевизиялық жобаға облыстық мәслихат депутаты, "Улгесбыт" ЖШС-нің директоры Расул Есенов, "Абай-Дәулет" ЖШС-нің директоры Мұрат Сәрсенбаев демеушілік көрсетті.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 
30 қаңтар 2021 ж. 359 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам