Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРКЕ ЕСМАХАН ҚАЛЖАН АХУНДА ТЕГІН ӨНЕР КӨРСЕТТІ

ЕРКЕ ЕСМАХАН ҚАЛЖАН АХУНДА ТЕГІН ӨНЕР КӨРСЕТТІ

Сырдария ауданының 90 жылдық мерейлі мерейтойына орай ауданның тумасы, әзіл әлемінің жұлдызы Қанат Әлжаппаров "Көңілді тапқырлар алаңы" жобасы бойынша әзілкештер сайысын өткізді.
Қалжан ахун ауылында өткен іс-шараға "Арал жастары", "Қоғалыкөл құрамасы", "Қорқыт жастары", "Тіл тимесін", "Тасбөгет" және "Қармақшы жастары" командалары қатысып, бақ сынады.
Әзілкештер сайысын әзіл әлемінің жұлдызы Қанат Әлжаппаров жүргізді. Сайыстың ашылуында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиев сөз сөйлеп, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Әзілкештер сайысы екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде командалар астарлы әзіл мен әуезді әнді ұштастырса, екінші кезең қайым айтысқа арналды.
Қатысушылардың өнеріне Сырдария ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, әнші, эстрада жұлдызы Ерке Есмахан, танымал журналист Мейіржан Әлібекұлы, әзіл әлемінің жұлдызы Асылхан Дүкенбаев, қала әкімінің баспасөз хатшысы Ғабит Ұзақбай және жас кәсіпкерлер Нұрболат Ибраев пен Нұржан Асанұлы бағасын берді.
Сайыс қорытындысында жүлделі І орынды "Қорқыт жастары" командасы иеленсе, ІІ орынды "Қармақшы жастары" алды. Ал, жүлделі ІІІ орын "Арал жастары" командасына берілді.
Марапаттау салтанатынан соң әнші, эстрада жұлдызы Ерке Есмахан ауыл тұрғындарының құрметіне бірнеше ән шырқады.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
28 қараша 2018 ж. 1 313 0