Байқау жеңімпазы атанды
Шаған ауылынан редакцияға сүйінші хабар келіп жетті. Өзін аудандық газеттің тұрақты оқырманымын деп таныстырған тұрғын ауылдағы «Нұр Ай Сая» балабақшасының бүлдіршіндерінің жарқын жетістігімен бөлісті. Сүйінші жаңалықты жергілікті басылым арқылы оқырман қауым назарына ұсынуды жөн көрдік.
Әнші Сәкен Майғазиевтің есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Өнер әлемінің жұлдызы соңғы жылдары талантты жастарға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Сондай игі іс-шаралар негізінде жақында Қызылорда облысында «Тәуелсіздік – тұғырым» атты байқау ұйымдастырылды. Аталған байқауға сырдариялық өнерлі өрендер де қатысып, бақ сынаған. Олардың қатарында Шаған ауылының үш бүлдіршіні бар екен. Осы туралы толығырақ білмекке бүлдіршіндер тәрбиеленетін балабақшаға хабарластық.
– Өнерде шекара жоқ. Талантты адам көпшілікке танылмай қоймайды. Оның үстіне қазір өнерін көпшілікке паш еткісі келетін дарындыларға мүмкіндік пен қолдау көп. Шағандық өнерлі бүлдіршіндер жақында әнші Сәкен Майғазиевтің арт-студиясы ұйымдастырған байқауға қатысып, жеңімпаз атанды. «Вокал» аталымы бойынша Әлия Медет бірінші орынды жеңіп алса, Айша Бабырқызы мен Аяна Дастан үшінші орынға қол жеткізді. Байқау жеңімпаздары арнайы дипломмен марапатталды. Сондай-ақ өнерлі өрендердің жетекшісі Ләззат Сарыбаева пен Гүлзира Мұхамеджанова да арнайы «Алғыс хатқа» ие болды. Бұл ауылымыз үшін ортақ қуаныш, – дейді балабақша меңгерушісі Айзат Рахатқызы.
Жыл қорытындыланар тұста жағымдық жаңалықпен ата-аналарын, тәрбиешілерін қуантқан өнерлі өрендер алдағы уақытта да түрлі байқауларға қатысуды жоспарлар отыр. Олар талантты әнші С.Майғазиев секілді өнердің жарық жұлдызы атануды армандайды. Талаптары таудай бүлдіршіндердің биік белестерді бағындыруына біз шын жүректен тілектеспіз!
А.СЕЙІЛОВ