Қоғамдық тәртіп пен жасөспірімдер қауіпсіздігі басты назарда
Қазалы ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы түнгі рейдтік іс-шаралар күнделікті негізде жүргізілуде, деп хабарлайды Кyzylorda-news.kz.Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов түнгі рейд жұмыстарын тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізу, қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейту және жасөспірімдер қауіпсіздігіне қатысты профилактикалық шараларды жандандыру жөнінде тиісті тапсырмалар берген болатын.
Бүгін кезектілікке сәйкес аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаевтың жетекшілігімен мобильді топ мүшелері түнгі рейд жұмыстарын жүргізді.
Рейдтік топ құрамында учаскелік полиция инспекторлары, мектеп директорлары, аудандық білім бөлімінің мамандары және басқа да жауапты сала өкілдері бар.
Іс-шара барысында аудан аумағындағы көшелер, саябақтар, ойын-сауық орындары мен өзге де қоғамдық орындар қамтылып, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруінің алдын алу бағытында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.Айта кету керек, аудан бойынша арнайы мобильді топтар құрылып, бірнеше бағытқа бөлінген. Олар күн сайын белгіленген кестеге сәйкес рейд жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық тәртіпті сақтау, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударуда.
Басты мақсат – құқық бұзушылықтың алдын алу, ата-ана жауапкершілігін арттыру және әрбір баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.










