Ұлық мерекеде көпбалалы ана алтыншы перзентін дүниеге әкелді
Ұлық мерекеде Сырдария ауданында тағы бір отбасы сәбидің шат күлкісіне бөленді. Республика күні дүниеге келген нәресте – сырдариялық отбасы мен ақ халатты абзал жандардың да қуанышына айналды.Сырдариялық Айгерім Бейсен алтыншы перзентін дүниеге әкеліп, көпбалалы ана атанды. Балабақша саласында еңбек ететін ана үшін бұл күн өміріндегі ең қуанышты әрі ұмытылмас сәт. Сәбидің өмірге аман-есен келуі – отбасы үшін баға жетпес бақыт, ал мерекелі күнмен тұспа-тұс келген қуаныштың орны тіпті бөлек.
Осы қуанышты сәтпен бөлісу үшін Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жанар Жұмабаева «Перзентхана» бөлімшесіне арнайы барып, көпбалалы анаға ақжарма тілегін жеткізді. Сондай-ақ ана мен бала денсаулығы жөніндегі орынбасары Ақкүл Күлеке, акушер-гинеколог Нейлә Әбішова және дәрігер-педиатр Салтанат Әлібекова да көпбалалы ананы құттықтап, сәбиге ізгі тілектерін арнады.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Жанар Жұмабаева мерекелі күнде дүниеге келген нәрестенің қуанышты сәт екенін атап өтті.
– Республика күні – еліміздің бірлігі мен тәуелсіздігін айшықтайтын айрықша мереке. Осындай ұлық мейрамда ауданымызда өмір есігін ашқан сәбидің дүниеге келуі – баршамыз үшін ерекше қуаныш. Әрбір нәрестенің өмірге келуі – отбасының бақыты ғана емес, ел болашағына деген сенімнің белгісі. Алтыншы перзентін дүниеге әкелген Айгерім Бейсенді шын жүректен құттықтаймын! Ана мен баланың денсаулығы – біздің басты назарымызда. Бала тәрбиелеп, ұрпақ өсіру – үлкен жауапкершілік пен зор мейірімді талап ететін ізгі міндет. Сәбидің ғұмыры ұзақ, дені сау, бауы берік болсын! Отбасына амандық, береке мен шаттық тілеймін. Елімізде осындай қуанышты сәттер көп болып, әр шаңырақ сәбидің сыңғырлаған күлкісіне бөлене берсін! – деді бас дәрігер.
Өз кезегінде алтыншы сәбиін бауырына басқан Айгерім Бейсен де қуанышымен бөлісіп, дәрігерлерге алғысын білдірді.
– Республика күні секілді ұлық мерекеде алтыншы сәбиімді дүниеге әкелу мен үшін ерекше бақыт әрі ұмытылмас сәт болды. Сәбиімнің аман-есен өмірге келіп, бауырыма басқаным – мен үшін ең үлкен қуаныш. Әр баланың орны бөлек, әрқайсысы отбасымыздың бақыты мен өміріміздің мәні. Қуанышымызға ортақтасып, перзентханаға арнайы келіп құттықтаған аурухананың бас дәрігері Жанар Жұмабаеваға және ана мен бала денсаулығына жауапты дәрігерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Босану кезінде қолдау көрсеткен медицина қызметкерлеріне ризашылығым шексіз. Барлық аналарға амандық, сәбилерге мықты денсаулық тілеймін. Еліміз тыныш, отбасыларымыз аман, балаларымыздың болашағы жарқын болсын! – деді көпбалалы ана.
Шаңырақтың шаттығын еселеп, өмірге жаңа үміт әкелген сәби – ел болашағының бір бөлшегі. Республика күнімен тұспа-тұс келген бұл қуаныш Сырдария ауданы үшін де мерекенің мәнін арттыра түсті.
Сырдария аудандық ауруханасының баспасөз қызметі










