Халықаралық жарыстың жеңімпазы
Шағандық Әлия Ерболқызы ән әлеміне құштар. 2012 жылы дүние келген жас өнерпаз бүгінде түрлі байқауларда топ жарып жүр. Жақында ғана халықаралық байқаудың жеңімпазы атанған ол өнерімен көпшілікке танылып келеді.
Жас әнші Әлия Медет – Шаған ауылдық мәдениет үйі жанындағы ән үйірмесінің белсенді мүшесі. Оның өмірдегі, өнердегі басты ұстазы – әкесі Ербол Медет. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, кішкентай Әлияның бүгінде бағындырған белесі көп. Талапты жастың талабын ауыл тұрғындары да жоғары бағалайды.
– Әлия алғашқы кездері ауыл көлеміндегі концерттерде ән шырқап жүрді. Бүгінде аудандық, облыстық және халықаралық байқауларда өнер көрсетіп келеді. Қазір музыкадан дәріс алуда. Болашақта үлкен сахналарда ән шырқап, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленеді деп сенемін, – дейді Ербол Медет.
Талантты өнерпаз Алматы қаласында ұйымдастырылған «Ғұмырдария» байқауының бас жүлдесін, «Алмалы.кз» байқауының І орнын және Шымкентте өткен «Дарынды бала» конкурсының І орнын иеленген. Ол жақында Украинада өткен «Талантты өлке» халықаралық байқауының қорытындысында жүлделі І орынды жеңіп алды. Ауылдағы №37 мектеп-лицейінің өнерлі оқушысымен ұстаздары да мақтанады. Ауыл абыройы мен мектептің мәртебесін арттырып жүрген жас өнерпазға сәттілік тілейміз.
М.ҚОЖАБАЙ