Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мәдениеті жаңарған

Мәдениеті жаңарған

Адамның басты мақсаты – өз ұлтының, өз жерінің мәдени ұстанымдарына сүйене отырып, өз бойындағы қасиеттерді дәйекті де, тұғырлы етіп тәрбиелеп, жүзеге асыру. Яғни, мәдениет – өмірдің тиянақтылығын, тұрақтылығын, мәнділігі мен табандылығын қамтамасыз ететін үлкен инс­титут.


Н.Ілиясов елді мекеніндегі мәдениет үйіне биыл жаңа басшы келді. Жас та болса, толымды тірлігімен көзге түскен Нұрбол Тұранов осыған дейін аудандық мәдениет үйінде біршама жыл қызмет еткен. Үлкен сахналарда ән шырқап, өз өнерімен көрермен көзайымы атанған жас. «Жауапкершілік жүктелгеннен кейін, сенімді ақтау керек» деп білетін ол жұмысқа белсене кірісіп кеткен.


– Ауылдық мәдениет үйінің жанында 6 үйірме тұрақты жұмыс жасайды. Оның ішінде, ән, би, көркем сөз, драма, әжелер ансамблі және виа үйірмесі бар. Оларға тартылған өнерпаздар саны 85-ті құрайды. Ауыл өнерпаздары осы жылы 52 байқауға қатысып, халықаралық жарыстан 2 өнерпаз жүлделі орынмен оралды. Халықаралық онлайн би байқауынан «Наз ару» би тобы бас жүлдені қанжығасына байлады. Облыстық «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе» көркемсөз оқу шеберлерінің онлайн байқауына Гүлзат Аманкелдиева қатысып, бас жүлдемен марапатталды. Жетекшісі – С.Найзатаева. «Ән аға – Шәмші аға» атты Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған аудандық жазба ақындар мүшәйрасында өнер көрсеткен Бекжан Махамбетов жүлделі І орынды иеленді. Мұның бәрі ұстаз көрсеткен, тәрбиелеген еңбектің жемісі деп санаймын. Жақында ғана Кеңес Одағының батыры Н.Ілиясовтың 100 жылдығына арналған облыстық жазба ақындар мүшайрасын өткіздік. Бұл биылғы жылдың ең маңызды шарасы болды. Әр ауданнан келіп түскен батырға арналған арнау жырларда шек болмады. Облысқа танымал ақындар қазылық етті. Біз үшін бұл зор жетістік, – дейді Нұрбол Тұранов.

Тарихқа таңбаланған осынау жылдарда ауылдық мәдениет үйі сапаға да, санға да аса мән берген. Жаңа заманға зай жабдықталған мәдениет үйінде талай жеткіншек өнерге қанат қағуда. Тізгінді ұстаған жас басшыға біз де сәттілік серік болсын демекпіз.

Майя Бақытжанқызы

24 қараша 2020 ж. 465 0