Өлмейтұғын артына сөз қалдырған

Шара шымылдығын ұйымдастырушылар «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» тақырыбындағы кітап көрмесімен түрді. Кітап көрмесі ақынның өмірі мен отбасы, лирикалық өлеңдері, қара сөздері, аудармалары, музыкалық әлемі мен Абай Құнанбайұлын зерттеген ғалымдарға арналған алты бөлімді қамтыды. Ал екінші бөлім әдеби кешке ұласып, ақынның қара сөздері мен өлеңдері оқылды. Жергілікті сазгер Махмуд Сақтаповтың сүйемелдеуімен, жас әнші Динара Жәкешова ақынның әні мен сөзіне жазылған «Желсіз түндей жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндерін жанды дауыста шырқады.
Өз кезегінде сала мамандары «Абайдың өмірінің бір сәті» атты көрініс қойды. Тағылымға толы көріністе ақынның әкесі Құнанбай, әжесі Зере мен анасы Ұлжанның арасындағы диалог өрбіді. Хәкім Абайдың бойындағы тектілік үлгісі болған, тәрбиенің бастау бұлағына айналған жандардың образы сахналанды.
Аудандық орталық кітапхананың директоры Г.Нұржакиева қорытынды сөзінде:
− Дана Абай Құнанбайұлының жүріп өткен сара жолын бір кешке сыйғыза алмасымыз анық. Ұлы тұлғаның тағылымды өмір тарихын оқырманға таныстыру мақсатында жыл көлемінде ауданның 17 кітапханасымен бірлесе отырып, 92 шара өткіздік. Елдегі пандемия режиміне байланысты басты бөлігі онлайн түрде ұйымдастырылды. Дегенмен, біз мұнымен тоқтап қалмай, кемеңгердің құрметіне өткізілетін біршама жобаларды жоспарлап отырмыз, − деді.
Шарада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ердәулет Утебаев, музей қызметкері Әлия Түлкібаева ақын мұрасының мәңгілік өшпес құндылық екендігін айтып, кемеңгердің ұлағатты сөздерін тілге тиек етті.
Әдеби кеш соңында «Абайды білмек парыз» атты әдеби-лото ойнатылып, ақын өмірінен алынған әр сұраққа дұрыс жауап берген қатысушыға кітап сыйға берілді.
Жұлдызай АНШАЕВА