Жарайсың, Жомарт!

Ол ән айту, күй тарту өнерімен талайды тамсандырып, халықаралық жарыстардың жеңімпазы болып жүр. Жақында жас өнерпаз күй өнерінен қашықтан өткізілген үш бірдей халықаралық байқауға қатысып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Ұлттық аспап домбырада атақты композитор Құрманғазының "Адай" күйін шебер орындап, Польша, Украина, Түркия мемлекеттерінде өткен халықаралық байқауларда топ жарды.
– Жомарт жас өнерпаз болса да талантты шәкірт. Талай мәрте республикалық байқауларда ән айту мен күй тартуда жүлделі орындарды жеңіп алды. Бұл жолы үш бірдей халықаралық байқауларда күй өнерінен бірінші орынды иеленуі, оның шебер орындаушы екендігінің айғағы, – дейді жас өнерпаздың ұстазы Үміт Есназар.
Ұлағатты ұстазға Польшаның мәдени мұраға жанашырлық танытқаны және шәкіртінің шығармашылық әлеуетін дамытудағы белсенділігі үшін алғыс айтылып, қашықтан өткізілген "DIGI-TALANTY.jesien2020" халықаралық ХІҮ байқауға шәкіртін жоғары дәрежеде дайындағаны үшін ризашылық білдірілген.
Жарайсың, Жомарт! Өнерің өрге жүзсін, талантыңмен көпті тәнті етіп, жетістіктеріңмен қуанта бер, демекпіз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ