БИ АНСАМБЛІНІҢ БЕКЗАТ ӨНЕРІ
Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған белгілі өнерпаз Ақмарал Пернебаева жетекшілік ететін «Балауса» халықтық би ансамблі ауданның ауылдарын аралап, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жұртшылыққа насихаттап, «Өнерім-рухани қазынам» атты концерттік бағдарламасын ұсынуда.
Балаусалықтар бірінші Сәкен ауылында өнер көрсетті. Мұнда сахна шымылдығы Халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, өнерпаз ұжымның «Тойға шашу» биімен түрілді. Концертте «Балауса» халықтық би ансамблінің кіші, орта, үлкен топтары ұлттық «Балбырауын», «Гүлдер-ай» және «Ұйғыр», «Грузин», «Өзбек», «Испан» билерін сондай-ақ «Котенок», «Жайлауда» билерін мың бұрала орындады. Ансамбль құрамындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері Азиз Садықов, Дархан Разақов, Әлия Бақытбекова, Ақбота Талғатова және кішкентай өнерпаз Әлхаким Шырынханов әсем әннен шашу шашып, көпшілік көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Ізгі шараны жүргізушілер де Елбасының бағдарламалық мақаласы туралы жан-жақты түсінік берді.
А.Баймұратов, ауыл ардагері:
– Кішкентай концерттік бағдарламасы өнерпаздардың облыс, республикадан келетін көркем өнерпаздардан кем болған жоқ. Тақырыбы да, өнерлері де тартымды болды. Концерт халықтың көңілінен шықты. Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін.
Ж.Ізімбетова, ауылдық мәдениет үйінің қызметкері:
– Шынында «Балаусаның» өнерімен өрге жүзген күн болды. Барлық нөмірлері көпшілік көңілінен шықты. Ансамбль жетекшісі Ақмаралдың қолтаңбасы концерттік бағдарламаның өн бойынан көрініп тұрды.
Шаhарбек Нұрсейітов