Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ауыл ақынын ардақтады

Ауыл ақынын ардақтады

«Ақынын ардақтаған ел озады» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, Аманкелді ауылын­­да аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, ауылдық округ әкімдігінің қол­­дауымен ауылдық мәдениет үйінің ұйым­дас­тыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті ақын, ұлағатты ұстаз Патыма Рахманқұлованың 80 жасқа толуына орай «Жүрегімен жыр жазған» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді.
«Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді» деп әрі батыр, әрі семсер тілді ақын Махамбет Өтемісұлы айтқандай, аудандық мүшәйра атауына сай болды.
Тағылымды шараны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев пен Аманкелді ауылдық округінің әкімі Қ.Құлымбетов құттықтау сөзбен ашты. Жеңісбек Үсенұлы ұлағатты ұстаз, ақын анаға аудан әкімі Руслан Рүстемовтің Алғыс хатын салтанатты жағдайда табыс етті. Мұнан соң жергілікті ақын, ардагер-ұстаз Патыма Рахманбердіқызының сөзіне жазылған, ауылдың гимні іспеттес «Аманкелді вальсі» әні орындалды.
Құдай қосқан қосағы Нартай ағамен үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген ұстаз ананың өмір жолы көпке өнеге. Ол 1940 жылы Сырдария ауданының 1 Май ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтының математика факультетіне оқуға түсті. Жоғарғы оқу орнын тәмамдағаннан кейін Аманкелді ауылында ұстаздық жолын бастады. Осы ауылдың білім саласында 40 жылға жуық еңбек етті. Өзгенің уақытын аялаған, өзінің уақытын аямаған ұстаз №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектепте балаларға сапалы білім, саналы тәрбие бере жүріп, өлең өлкесіне де ат ізін салды. Патыма Рахманбердіқызы өз пәнінің білгір маманы болуымен қатар, ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, мектеп директоры­ның орынбасарлығы қызметіне жоғары­латылды. Одан соң ауылдағы №8 балабақшасының меңгерушісі болып тағайындалды. Шығармашылық жолдағы ұлағатты ұстаз қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Бастауыш партия ұйымының, әйелдер кеңесінің төрайымы болды. Патыма Рахманқұлованың бұдан 50 жыл бұрын аудандық, облыстық газеттерде өлеңдері жарық көре бастады. Сонымен қатар ақын апамыз жергілікті композитор Мейрамбай Бектасовпен шығармашылық одақ құрып, «Аманкелді вальсі», «Наурызым мереке», «Әнші балапан» тағы басқа көптеген әнге мәтін жазды. Шығармашылық жолда «Ұсынамын көңілімнің ақ гүлін», «Өмірім – ән жырым», «Сиқырлы әріптер» атты өлеңдер жинағы және «Тарихым – тағдырым» атты кітабы жарық көрді. Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері.
Игі шарада ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Кенбаев пен көп жыл мектеп басқарған ардагер-ұстаз А.Дүйсебеков ауыл қадірлісі Патыма Рахманқұлованың дарынды ақын, парасатты жан екендігін жан-жақты әңгімеледі.
«Жүрегімен жыр жазған» аудандық жазба ақындар мүшәйрасы мерейлі кештің шырайын келтірді. Бұл жыр додасында 9 ақын бақ сынады. Әрқайсысы жүректе бүршік жарған екі жырын оқыса, біріншісі – мерейтой иесіне арналды. Екіншісі – еркін тақырыптағы жырлар.
Сайыс қорытындысында қазылардың шешімімен аманкелділік Жұмағазы Оразов бас жүлдеге лайық деп танылды. Бірінші орынды қоғалыкөлдік Байрон Есенбаев қанжығалады. Жүлделі екінші орынға сәкендік Бақтөре Айтбаев, үшінші орынға бесарықтық Ғани Сейдәлі ие болды. Ал жетікөлдік Алмат Өтеуов арнайы жүлдені еншіледі.
Осылайша ақын апаның мерейтойы мазмұнды ұйымдастырылды.

Шаһарбек Нұрсейітов
03 наурыз 2020 ж. 1 140 0