Мәдениет майталманы
Мәдениет пен өнер егіз. Өнер мәдениеттің алтын қазынасы. Мәдениет – адам әлемі. Оның көрінісінде парасат, ақыл-ой, ізгілік пен әдемілік үндесіп, игіліктер дүниесі құралады. Сонымен қатар мәдениет адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Ғұлама ойшыл Әл-Фараби айтқандай, адам – "хайуани мадани", яғни мәдениетті жан. Адам – табиғат жаратылысы және ол үшін табиғи орта мәңгілік қажеттілік болып қалады. Сонымен қатар Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында "Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі" деп атап өткен болатын.
Саналы ғұмырын ауданның мәдениет саласына арнағандардың арасында Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйінің директоры Күләш Құдабаеваның есімі ерекше аталады. Батыстың қызы батылдық танытып, Сырдың азаматы Әмірбек Құдабаевпен қол ұстасып шаңырақ көтергенде Күләш апа оң солын таныған, мәдениет саласындағы киномеханиканы меңгерген маман болатын. Өзі қалаған мамандықты Орал қаласындағы ПТУ – 24-тен алған киномеханик білікті маман атану үшін және осы саланы жетік меңгеруге Алматы қаласына барып, Алматы кинотехникумына оқуға түседі. Қолына дипломын алған Күләш Жұмағалиқызы өзінің өмірлік серігін кездестіргеннен соң туған жерден шалғайға кеткеніне өкінбейді. Қайта "киномеханик келіншек" атанып, ауылдағы шаруашылықтың сол кездегі басшысы Алдаберген Бисенов жұмыс беріп, сүйікті ісімен шұғылдануына мүмкіндік алады.
– Нағи Ілиясов ауылына келін болып түскенімде үйде көп отырмадым. Шаруашылықтың басшысы менің мамандығымды білгеннен соң ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсету үшін жұмыс берді. Шымкент қаласынан 23-КТК деп аталатын кинопроектор алып берді. Қазір бұл қондырғы сақадай сай сақталған, іске қосса іркіліссіз жұмыс істейді. Дегенмен бұл қондырғымен 2002 жылға дейін ауылда кино көрсеткенімізбен, қазір оны пайдалануға сұраныс жоқ. Мұражай экспонатына айналды, – дейді Сыр еліндегі алғашқы еңбек жолын еске алған Күләш Құдабаева.
Ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсетуде алдына жан салмайтын маман әбден тозығы жеткен мәдениет ошағына 2002 жылдан бастап басшылық жасайды. Мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырып, мәдениет үйінің жабылып қалмауына бар күшін салады.
2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерекесіне дайындық жүріп жатқан кезде, ауылдың атын алған Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың баласы Болат Ілиясов та сол шараның қонағы болады. Болат Нағиұлы азаматтық танытып, мәдениет үйінің жөнделуіне қол ұшын береді. Жобалық-сметалық құжатын дайындауға арнайы маманды жіберіп, құжат әзірленеді. Аудан қазынасынан бірінші рет қомақты қаржы бөлініп, мәдени ошақ жөндеуден өтеді. Араға 5-6 жыл салғанда Нағи Ілиясов ауылындағы мәдениет үйі ауылдық округ әкімдігінің құзырына өтеді. Ауыл әкімімен бірлескен шараларды ұтымды ұйымдастырған білікті басшы тұрғындарға мәдени қызметтің сан алуан түрін ұйымдастырып, бекітілген ақылы жоспарды орындауға күш салады. Дегенмен жыл сайын ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен мәдени ошақ тозудың алдында тұрады.
Ауыл тұрғындарының қуанышына орай 2013 жылы ауылға инвестор Абзал Ерәлиев келеді. Туған жердің перзенті ауылдың шаруасын дөңгелетіп, тұрғындарға жұмыс береді. Атпал азамат басқаратын "Абзал и К" толық серіктестігі "Мағжан и К" серіктестігін құрып, шаруашылық жұмысын жандандырады. Осы сәтті тиімді пайланаған іскер басшы Күләш Құдабаева кәсіпкерден мәдениет үйіне қолдау сұрайды. Ұсынысын қабыл алған Абзал Жұмашұлы жөндеу жұмыстарына аудан қазынасынан бөлінген 10 млн теңге қаржыға 25 млн теңге қаражат қосып, ағымдағы жөндеуге жоспарланған мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ құны 5 млн тұратын соңғы үлгідегі "Динакорд" дыбыс күшейткіш құрылғының алынуына да компания басшысы Абзал Ерәлиев қомақты үлес қосып, қолдау көрсетеді.
"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" демекші, ауыл инвесторының мәдениет саласына қосқан үлесі мұнымен тоқтап қалмайды. Төл перзент А.Ерәлиев ауылда вокалды аспапты ансамбілінің құрылуына атсалысып, ансамбльге музыкалық аспаптар алуға және "Ақ әжелер" ансамбілінің мүшелеріне жаңадан ұлттық киім алуға қаржылай көмек көрсетеді.
Қазіргі кездегі ауыл орталығындағы көрікті де әсем ғимараттың бірі – ауылдағы мәдениет үйі.
Бүгінде мәдениет үйінде күн сайын өтетін шаралардың басым бөлігі ауыл инвесторы "Мағжан и К" ЖШС-нің демеушілігімен, оның басшысы Дархан Ерәлиевтің қолдауымен өтеді. Мәдениет үйі жанындағы "ВИА", "Ақ әжелер" ансамблі, ән, би, көркем сөз, драма үйірмесінде ауылдың өнерпаздары ауыл тұрғындарына мерекелік шаралар ұсынып, өнер көрсетуде. Өткен жылы аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға жаңадан сахналық киім алынып, сахна ажарын айшықтай түскені саланың қол жеткен жетістігі.
– Қырық жылдан бері осы салада еңбек етіп келемін. Жүрек қалауыңмен жасаған еңбектің наны тәтті болады. Талай қиын кезеңді басынан өткерген мәдениет саласының ыстығы мен суығын көрдік. Ақылы қызмет көрсету жоспарын орындап, сыйақы да алдым. Қазіргі талап та жаңашылдықты қажет етеді. Іздену, тынымсыз еңбек жетістікке жеткізетін жол. Тыңдармандарыңды таңқалдыру оңай емес. Шын талантты өнерде шыңдау, сахна мәдениетіне тәрбиелеу қажырлы еңбекті талап етеді. Ауылда жыл сайын аудандық, облыстық мәдени іс-шараларды өткізіп келеміз. Барлығы тұрғындардың көңілінен шығып жатса, біздің еңбектің ақталғаны, – дейді мәдениет майталманы Күләш Құдабаева.
Ауылдық мәдениет үйін 20 жылға жуық уақыт басқарып келе жатқан Күләш Құдабаева ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесінде "Мәдениет майталманы" төсбелгісінің иегері атанды. Сондай-ақ "Қызылорда қаласына – 200 жыл" мерекелік медалін алды. Көптеген алғыс хат пен дипломды айтпағанда бұл өнер адамына берілген шынайы баға.
Бір сәтке де тынбайтын, өмірін мәдениетсіз елестете алмайтын жан өмірлік серігі Әмірбек ағамен үлгілі ұл-қыз өсірді. Жұбайы шаруашылықта дәнекерлеуші болып, зейнеткерлікке шықты. Үлкендері Әйгерім аудан орталығындағы №36 мектеп-лицейде мұғалім. Екінші қыз Әсел де мұғалім, Ақтөбеде тұрмыста. Отбасының үшінші перзенті Сырым келіншегі Перизатпен Аруна, Аңсар есімді немере сүйгізіп отыр. Сырым ауылдық округ аппаратында әскери есеп үстелінің қызметкері. Кенже ұл Нұрғасыр әке жолын қуып, шаруашылықта механизатор болып еңбек етеді.
Алда жоспар көп. Ең негізгісі – Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың 100 жылдық мерейтойын өз деңгейінде өткізу. Ол үшін арнайы іс-шара жоспары бекітілді. Батыр ұрпақтары ауылда үлкен жыр мүшәйрасын өткізбекші. "Байтақ елдің батыры" деп аталатын облыстық жыр мүшәйраға батырдың балалары Ринат, Алма Ілиясовтар келіп қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар облыстық патриоттар ән байқауын өткізу де жоспарланған. Бастысы қолдау бар.
Өз саласының мақтанышы, іскер ұйымдастырушы Күләш Құдабаеваның өнегелі өмірі осылай өріліп келеді. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын, мәдениет майталманы!
Бибсара ЖАНӘЛІ