Азаматтық борышын адал атқарғандар
Аудандық мәдениет үйі мен орталық кітапхана қызметкерлері бірлесіп, Кеңес әскерлерін Ауғанстаннан шығарылғанына 31 жыл толуына орай «Ауған соғысының ақиқаты» атты кездесу кешін өткізді.
Кештің құрметті қонақтары интернационалист-жауынгерлер Ж.Нарымбетов, Ғ.Байтұрғанов, К.Арғынбаев, Н.Жүзтаев тағы басқалар Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу кезінде қаруластарының оқ пен оттың ортасындағы жанкешті тағдырлары туралы естеліктер айтты.
Қанқұйлы соғыстың зардабы қашанда ауыр. Ол уақытта 18 бен 20 жас аралығындағы өрімдей жастар жат елде интернационалдық борышын өтеді. Бұл соғысқа 22 мың қазақстандық жауынгер қатысса, олардың 924-і майдан даласынан оралған жоқ. Ал 1015-і мүгедек болып келді. 21 жауынгер хабарсыз кетті. Ұлы Отан соғысындағы ата-бабаларының көрсеткен батырлығы мен ерлігін қайталаған қазақстандық жауынгерлер азаматтық борыштарын абыроймен атқарды.
Өтер жылдар, айлар тағы алыстар,
Тағдыр талай тауқыметін табыстар.
Өздеріңді жырлап өтер ұрпағың,
Ауғандағы азап шеккен арыстар, – деп ақын жырлағандай, өмір тоқтамайды, ерлік өшпейді, замандарға жалғаса береді. Батыр жауынгерлердің құрметіне аудан көркемөнерпаздары Н.Бекшаева, Д.Разақов, Н.Тұранов, Д.Жәкешова, Б.Сансызбаев әсем ән шырқап, күмбірлете күй төкті. Кеш соңында аудандық кітапхана директоры Г.Нұржакиева мен аудандық газеттің жауапты хатшысы Ш.Нұрсейітов аудандағы интернационалист-жауынгерлердің әрбірінің жеке басының үлгісімен көпке өнеге екендігін айтты. Ауған соғысының ардагерлеріне естелікке кітап таратылды.
Шаһарбек БАЛТАБАЙҰЛЫ