Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына неше толды?

Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына неше толды?

Кеше облыс әкімі Қ.Ысқақов Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына арналған "Ауған. Сөнген шоқ, өшкен арман..." атты жауынгерлерді еске алу митингісіне қатысты.Шараға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, ауған соғысының ардагерлері, әскери қызметшілер мен "Жас сарбаздар" қоғамдық ұйымының мүшелері келді.
Ауған соғысына қазақ жерінен 22 мыңнан астам жауынгер қатысқан. Ал, Сыр өңірінен 800-ден аса азамат қатысып, 18 адам қаза тапқан. Олардың қатарында Қызылорда қаласынан Серік Баймаханов, Нұрулла Абдуллаев, Тұржан Монтаев, Аманжол Жампейсов, Жұмабай Әбілқасымов, Шайхслам Қожахметов, Батыржан Шалғынбаев, Рысбай Байданов та бар.
Аймақ басшысы әр уақыттың өз тарихы, өз естелігі бар екенін айтты.Сол себепті де, әлем түрлі дәуірде адамзатты дүр сілкіндіріп, қаншама миллиондаған жандардың өмірін қиған қатыгез соғыстарды ешқашан ұмытпайтындығын атады.
" "Батырлық - табиғаттың бере салған сыйы емес, бұл - патриоттың өз борышын орындау үшін қауіп-қатерге қарсы баруға өзін-өзі саналы түрде зорлауының нәтижесі" - деген Бауыржан Момышұлының сөзі бар. Сондықтан да дана халқымыз: "Батыр өлмейді, мерт болады" - деп айтады. Ауған соғысында 50-ден аса азаматымыз мемлекеттік наградалар - «Қызыл жұлдыз» ордені және «Ерлігі үшін», медальдерімен марапатталды. Бүгін Жалаңтөс Бахадүр, Жанқожа мен Бұқарбай, Жаназар сияқты қамал бұзар хас батырлардың рухы қолдаған, ерлігі мен өрлігін қайталаған сіздер сияқты айбынды жауынгерлердің күні! Сіздер Ауған жеріндегі халықтың бейбіт өмірін қорғауға қатысып, азаматтық борыштарыңызды асқақ абыроймен атқардыңыздар. Баршаңызды Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 31 жыл толу шарасымен құттықтай отырып, елімізге ынтымақ пен бірлік, тыныштық тілеймін",- деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.
Сонымен қатар, шарада ауған соғысында қаза тапқан сарбаздардың рухына құран бағышталып, гүл шоқтары қойылды.

Қызылорда облысы әкімдігінің фейсбук парақшасынан алынды
16 ақпан 2020 ж. 1 145 0