ЕРЛЕР – ЕЛДІҢ ТҰТҚАСЫ

– Сіздерді «7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күнімен» және «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 74 жылдығы мерекесімен» шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1992 жылдың 7 мамырында «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Сол сәттен бастап еліміздің қуатты әскері қалыптасып, дамудың күрделі кезеңдерінен өтті. Осы жылдар ішінде әскеріміз заманауи қару-жарақпен, жаңа техникамен қамтамасыз етілді.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін шекарамыз шегенделіп, жаңа әскери Доктрина қабылданып, әлем елдерімен әскери байланыс орнықты. Тәуелсіздіктің тірегі – тегеурінді әскер десек, бүгінгі таңда еліміздің Қарулы Күштері қазақтың кең даласын қас қақпай, кірпік ілмей қорғауда, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Бұдан кейін аудандық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Нарымбетов, Жамбыл облысы Отар қаласындағы №21450 әскери бөлімшесінде Отан алдындағы борышын өтіп келген сарбаз Ш.Арғынбаев сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тіледі. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, өнер көрсетті. №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей жанындағы «Жас ұлан» ұйымының мүшелері салтанатты шарада ағаларына ақ жол тіледі. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы жиналған қауымға ақ батасын берді.
Б.ОРДАБЕКОВ