ІЗІ ЖАТЫР ҚАТПАРЛЫ ТАРИХ БЕТІНДЕ
От кешкен жылдар, ұмытылмас шақ, сол күнгі сарбаздың есінде мәңгі сақталды. Отан алдындағы борышын өтеу үшін талай жас әскер қатарына алынды. Өткен ғасырдың естен кетпес оқиғасы 10 жыл бойы Ауғаныстандағы тоқтаусыз қақтығыс екені мәлім. Осы күні Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толып отыр.
Аудандық мекемелер үйінің мәжіліс залында ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету шарасы өткізілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жаналиева, Жергілікті полиция бөлімінің басшысы А.Мұстафаев, аудандық қорғаныс істері бөлімі басшысының орынбасары Г.Тайшаев, дербес бөлім басшылары мен сала мамандары қатысты.
Шара барысында Д.Байдушев Ауған соғысы ардагерлерінің табанды ерлігін, Отан үшін кеудесін оққа тосқандығын тілге тиек етті. Тарихта өз бағасын алған Ауған соғысы дүниежүзін алаңдатқан елеулі оқиға екенін жеткізді.
– Тарих бетіне өзінің қанды ізін қалдырған Ауған соғысына ауданымыздан да бірқатар азаматтар қатысты. Бүгінде олардың 18-і ортамызда жүр. Оларға әлеуметтік қолдау көрсету, ерліктерін насихаттау – біздің басты назарымызда. Аудан мектептерінде Сіздердің қатысуларыңызбен өткізіліп жатқан түрлі іс-шаралар, кездесу кештері соның дәлелі. Сонымен қатар, жыл сайын Жеңіс мерекесі, Отан қорғаушылар мерекесі Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен өткізілуде. Ауданның 90 жылдық мерейтойына орай бірқатарыңызға мерекелік медаль берілді. Мұның бәрі – Сіздердің ерліктеріңізге көрсеткен құрметіміз, – деген Димаш Серікбайұлы жастарға патриоттық тәлімтәрбие беруде Ауған соғысы ардагерлерінің орны ерекше екенін айтты. Өз кезегінде Ауған соғысы ардагерлеріне аудан әкімінің атынан «Алғыс хат», естелік сыйлық пен «Сырдария ІІ» кітабын табыс етті.
Сонымен қатар, ізгілікті шарада Х.Әбенұлы, Ұ.Жаналиева, А.Мұстафаев, Г.Тайшаев, «Семей» полигонының ардагері Ш.Садықов, «Чернобыль» апатының ардагері Б.Жантүгелов сөз сөйлеп, игі тілектерін білдірді. Ауған соғысының әрбір ардагері атынан Ж.Нарымбетов атқарушы билік өкілдеріне алғысын айтты. Сондай-ақ, басқа да жиналған көпшілік соғыс жылдарындағы естеліктерін, бастан өткен оқиғасын атап өтті.
Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, от пен оқтың арасынан елге аман оралған ардагерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Б.ОРДАБЕКОВ