Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Батыр анаға арналған кеш

Батыр анаға арналған кеш

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті Н.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” және “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласы аясында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және Ақжарма ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен, ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен “Еңбек Қызыл Ту” орденінің иегері, озат күрішші, “Сырдария ауданының Құрметті азаматы” Б.Арзымбетованың 80 жасқа толуына орай “Ән қанатында” тақырыбында аудандық ән байқауы өткізілді.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров, аудан әкімінің кеңесшісі Б.Өтегенова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы Балапан Арзымбетованың елі үшін еткен еңбегі мен табандылықпен халқына жасаған қызметін тілге тиек етті. Еңбек майданында табанды қаркетін көпшілікке жеткізді. Арнайы аудан әкімінің “Құттықтау хатын” тапсырып, сый-құрмет көрсетті. Бұдан кейін өмірі өнегелі, ғұмыры ғибратқа толы Балапан Арзымбетова ыстық лебізі мен салиқалы өсиетін айтты. Сонымен қатар кәсіпкер Қ.Нұрсейтов пен М.Бисенов Батыр анаға арнайы сый-сияпат табыстады.
Байқау барысында өнерпаздар сахна төріне шақырылып, байқау талаптары таныстырылды. Негізінен байқауда 35-45 жас аралығындағы тоғыз өнерпаз өз бақтарын сынады. Олардың өнеріне кәсіби мамандардан құралған қазы лар алқасы баға берді. сахна төрінде шырқалған әндер көрермен жүрегін елжіреттті.
“Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” деген­дей, бағы мен бабы қатар шапқан күміс көмей әншілер оқ бойы оза шауып үздіктер қатарынан көрінді. Байқаудың бас жүлдесін асқарлық Ә.Ибраева қанжығасына байлады. Жүлделі бірінші орынды шіркейлілік Е.Әбусағатов, екінші орынды ақжармалық С.Мұстафаев, үшінші орынды іңкәрлік Ш.Ізбас­қанова мен жетікөлдік А.Өтеуов иеленді.
Жеңім­паздарға арнайы диплом мен бағалы сыйлық табысталды, Өзге де қатысушыға “Алғыс хат” пен ынталандыру сыйлығы берілді.

Ұлбосын КЕНІШБЕК

02 шілде 2019 ж. 962 0