Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 19 газет

14 наурыз 2026 ж.

№ 18 газет

07 наурыз 2026 ж.

№17 газет

03 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Сыр мақтанышы – «Парасат» орденінің иегері

Сыр мақтанышы – «Парасат» орденінің иегері

Жақында жыл сайынғы дәстүр бойынша шуақты көктемнің шұғылалы мерекесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен Ақордада салтанатты іс-шара өткен болатын. Келелі жиында жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Жеңіс Ысқақова Мемлекет басшысының қолынан «Парасат» орденін алып, мәртебесі биіктей түсті.

Тереңөзектің топыра­ғы­нан түлеп ұшқан әнші, туған жер­­дің төл перзенті Жеңіс Ысқақованың мемлекеттік наг­рада алуы – Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерінің шоқ­тығы биік екенін аң­ғарта түсті. Бұл ретте облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев әлеу­­меттік же­лі­дегі жеке па­рақ­­шасында Сыр мақта­нышын жоғары марапатымен аймақ жұртшылығы атынан құт­тықтады.

«Көктем мерекесі қар­саңында Астанадан жеткен тағы бір ақжолтай жаңалық Сыр өңіріндегі өнерсүйер жұрт­шылықты қуанышқа ке­нелт­ті. Салтанатты жиында жер­лесіміз, Қазақстанның ең­бек сіңірген әртісі, профессор Жеңіс Ысқақова Мемлекет басшымыздың қолынан «Парасат» орденін алды. Сыр­дария топырағынан тү­леп ұшқан Жеңіс Ермағам­бет­қызы Ж.Елебеков атын­­­­дағы республикалық эстра­да-цирк студиясын бітір­ген, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Лаки Кесоглудың шәкірті. Өнердегі жеңісті жолы 1987 жылы Юрмалада өткен Бүкілодақтық эстра­да орындаушылары бай­қауында «Көрермен көз­айы­мы» аталымын иеленген кезде басталған. Сол жылы «Жаңа есім – 87» бүкіл­одақтық байқауында лауреат атанды. Мәскеуде өткен «Виват, Виктория» халықаралық конкурсының гран-приін иеленді. Жеңіс Ермағамбетқызы бү­гінде Роза Бағланова атын­дағы «Қазақ­концерт» мем­ле­кет­­тік академиялық кон­церт­­тік бірлестігінің әртісі, Ж.Елебеков атындағы рес­публикалық колледждің ұста­зы. Қазақстанның мә­дениет күндері аясында әлемнің 20-ға жуық мем­лекетінде ән шырқаған ерекше дарын иесі. Оның орын­дауындағы «Сыр сұлуы» әні Сыр өңірінің еңбеккер қыздарының даң­қын ас­қақ­татып, әлі де талай жылбойы шырқала бере­тініне сенемін. Туған жер­дің дарынды перзенті Жеңіс Ермағам­бетқызын мем­ле­кет­тік марапатымен бар­ша жерлестерінің атынан құт­тықтаймын! Өне­ріңіз өр­лей берсін» деді аймақ басшысы.

Осыдан 21 жыл бұрын «Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері» атағына ие болған жерлесіміз биыл мерейлі 60 жасқа толып отыр. Ал өнерімен халық қоше­метіне бөленіп, әуелеген әні­мен тыңдарман жүрегінен орын тауып келе жатқанына келер жылы 40 жыл толмақ.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

14 наурыз 2026 ж. 79 0