Бөлімнің бас маманы
Нұрлан Бәйкен – аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бас маман. Ол мемлекеттік қызметте елдік мұрат пен мемлекеттік мүддені биік қойып, адал қызмет етуде. Мемлекеттік қызметші жас болса да тәжірибесі қалыптасқан, бойында жауапкершілік, кәсіби шеберлік пен патриотизм секілді қасиеті бар мақтаулы маман.Туған елге қызмет ету, дамыту мақсатында алғашқы қызмет жолын осы бөлімнен әдіскер болып бастаған Нұрлан Сайлауұлы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын 2011 жылы бастап, соңғы сегіз жылдан бері бөлімнің бас маманы ретінде абыройлы қызмет етіп келеді.
Мемлекеттік қызмет саласы – мемлекеттің саясатын жүзеге асыратын, кәсіби білікті кадрларды қажет ететін сала десек, бас маман бұл қызметте халықпен тікелей байланыста болып, кәсіби біліммен қатар қарым-қатынас мәдениетіне аса жауапкершілікпен қарайды.
Туған жердің түлегі – аудан орталығындағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің шәкірті. Ол жоғары білім алып, ауданда қызмет жолын бастап, мемлекеттік қызметке дейін бөлімнің жұмысын үйлестіруде біраз тәжірибе жинағаны жас мамандарға үлгі.
– Мемлекеттік қызмет – бұл тек жұмыс орны емес, сонымен қатар кәсіби даму, білім мен тәжірибе жинақтау үшін үлкен мүмкіндік беретін абыройлы сала. Білімім мен іскерлігімді, тәжірибемді ел игілігі жолында жұмсаумен қатар, Қазақстанның жарқын болашағына сенімді қадам басуға қызмет етіп келе жатқаным деп білемін, – дейді бас маман Нұрлан Сайлауұлы.
Мемлекеттік қызметшінің айтуынша әрбір қызметші өз елінің патриоты болуы тиіс. Ең бастысы елдің абыройы мен мүддесі және адал қызметі халыққа арналып, тұрғындардың жақсы өмір сүруіне жағдай жасауда аянып қалмау керек.
Бөлімнің бас маманы Нұрлан Сайлауұлы негізгі міндеті ретінде елді мекендерді газдандыруға жобалау сметалық құжаттамаға тапсырыс беріп, жүргізілетін жұмысты ұйымдастырады, сапасына мемлекеттік бақылау жасау қызметін атқарады. Сондай-ақ абаттандыру, жарықтандыру жұмысына байланысты жобалаушы мекемелермен жобалау сметалық құжаттама әзірлеуді жүргізеді. Аталған жобаларды қаржыландыру мақсатында бюджеттік өтінім әзірлеп, бюджетке ұсынуға жауапты. Мемлекеттік қызметші міндетінің ауқымы мұнымен бітпейді. Бас маман ауданда тұрғын үйлерде ортақ энергияны, газды және су ресурстарын есептейтін аспаптардың болуын қадағалайды. Сонымен қатар бөлімге келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарына жауап берілуін заңға сәйкес рәсімдеп жолдап отырады.
– Ауданда өткен жылы бірнеше елді мекен газдандырылды. Бұл ауқымды жұмыстың артында қаншама қаржы, уақыт, еңбек жатыр. Мұның барлығы айналып келгенде тұрғындарға жасалған жақсы жағдай. Құжаттың дер кезінде дайын болуы, оның қаржылануы, атқарылатын жұмысты қадағалау мен сапасы барлығы жауапты қызмет. Дегенмен ауданда жыл сайын газдандырылған ауылдың қатары көбейгеніне қуаныштымыз. Еңбегіміздің нәтижесі әрбір ауылдың табиғи отынның игілігін көргені. Ал жыл сайын жүргізілетін абаттандыру жұмысы ол елдің көркі, дамуы. Сондықтан алдағы уақытта да ел-халыққа қызметімізді аямаймыз, – дейді Нұрлан Сайлауұлы.
Қиын да жауапты қызметті абыроймен атқару Нұрлан Сайлауұлы үшін абыройлы міндет. Уақытпен санаспай күрделі саланың жұмысын жүргізіп отырған бөлімнің бас маманы отбасында ардақты жар. Жұбайы Фариза Нұрділдақызы Қорқыт ата атындағы университетте оқытушы, болашақ докторант. Ата-ана ретінде жас отбасы екі бала тәрбиелеп отыр.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ









