Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 19 газет

14 наурыз 2026 ж.

№ 18 газет

07 наурыз 2026 ж.

№17 газет

03 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ағаш егу – сауапты амал

Ағаш егу – сауапты амал

Қыстың қытымыр аязы кетіп, көктемнің алғашқы нышаны сезіле бастағандай. Наурыз көктемнің келуімен Жер-Ана жіпсіп, ағаштың бұтақтары бүр жарудың алдында тұр. «Жердің көркі ағаш» десек, ағаш табиғаттың ерекше жаратылысы. Сондықтан «Бір тал кессең, он тал ек» деп халық даналығында бекер айтылмаған.

Табиғатты қорғау – әрқайсымыздың ортақ парызымыз. Қоршаған ортаға пайдасы көп жасыл ағаш адамның жақсы ауамен тыныстануына, көлеңкесін саялауға, күннен қорғануға, аң-құсқа пана болуымен бағалы. Дана халқымыз «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» деп айтып кеткен. Дегенмен соңғы уақытта елімізде экологиялық хал-ахуалдың төмендеуінен, орман өртінің көптеп орын алуынан ағаш саны едәуір азайып барады. Еліміз бойынша жыл сайын көктемде басталатын ағаш егу науқаны осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. Бұл халықтық іс-шара елдің барлық аумағында өтіп, оған жас та, кәрі де бірдей атсалысады. Айналамызды жасыл желекпен толтыру, келер ұрпаққа үлгі болу әрбір қоғам мүшесінің міндеті десек, артық айтқандық болмас.

Соңғы жылда республика бойынша қабыл­данған «Таза Қазақстан» акциясы да осы игі мақсатты көздейді. «Ағашты жердің ырысы мол» дегендей, ел мен жердің иесі атанған ел-жұрт түрлі ағаштың көшетін отырғызып, «мәуелі жеміс ағашының жемісін ұрпағым жесін» деп бау-бақшасына түрлі жеміс ағашын да отырғызуға асығады. Топырақтың құнарын арттырып, жерсінетін ағаштың түрін таңдап, оны баптап, күтімін жасайды.

Сыр елінде арнайы көшет дайындайтын питомниктер бар. Онда аймақтың ауа райына қолайлы өсімдіктерден басқа түрлі әсем гүлдердің көшеттері де отырғызылған. Біздің ауданда түрлі ағаш көшетін отырғызып, оны ерте көктемде мекемелерге, тұрғындарға тарататын мекеме бар. Сыр талы, терек, тағы бірнеше ағаш түрі тез өнетін, бас-аяғы бір-екі жылда жайқалып өсетін ағаштар. Сондықтан жыл сайын осы ағаш түрлері көптеп егіледі. Наурыз айынан бастап, көшеттің шығымына байланысты жас ағашты жаңа жерге көшеттеп отырғызады. Тал еккеннен кейін суаруға, минералдық тыңайтқыш беруге аса мән берген жақсы. Жалпы Сыр өңірінде шөлге төзімді жиде ағашы жиі отырғызылады. «Сырдария» өзенін жағалай өсіп, жайқалған талдардың кереметтілігі көз сүйсіндіреді.

Расында қазақ халқында тал егуді жаңа өмірдің бастамасы ретінде қарастырған. Сонымен қатар ертеректен келе жатқан ағаш отырғызған сәтте адамның қолы топыраққа тимеу керек деген ұғым бар. Бұл – ағаштың тік әрі дұрыс өсуіне әсер етеді деген сенімге келеді. Талдың жайқалып өскені құт-береке шақыратынына сенген. Мектеп бітіруші түлектердің де ырымдап ағаш отырғызуы – бұл тәрбилелік мәні жоғары сауапты амал. Ертеңгі күні жайқалып өскен ағаш жас түлекпен бірге қатайып, жаңа өмірге бейімделгендей діні мықты боп өсіп жетіледі.
Еліміз бойынша Жыл басын мерекелеудің сән-салтанаты ретінде «Наурызнама» онкүндігі жарияланғаны белгілі. Онкүндік аясында әр күнінде тал егіліп мерекеге зор үлес қосылса, туған жеріміз көркейіп, көгалданады.

Ал «Жаңару» күні аясында ұйымдасып, ағаш егу акциясын өткізсек, тек экологиялық іс-шара ғана емес, келер ұрпаққа жасыл желекке оранған, таза орта қалдыруға деген жауапкершілігіміздің айқын көрінісі болады.

Ағаш егу – ғасырлардан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан игі дәстүр. Отырғызылған әрбір көшет ертең саялы ағашқа айналып, айналамызды көркейтіп қана қоймай, табиғаттың тепе-теңдігін сақтауға үлес қосады деп сенеміз.

Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
Фото: ашық дерккөз


14 наурыз 2026 ж. 34 0