Қадір түнім қасиетім
Мұсылман әлемінде қасиетті түндер мен айтулы күндер жетерліктей. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі – қасиетті Рамазан айындағы Қадір түні. Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнар көзі болып саналатын мүбәрак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған түн. Сондықтан Ислам дінінде бұл түн ерекше бағаланады. Құран Кәрімде «Қадір» сүресі бар. Осының өзі-ақ бұл түннің аса ардақты екенінен хабар береді.Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Біз оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан қайырлы. Ол түні әрбір істі атқару үшін Раббыңның рұқсатымен періштелер және рух (Жәбірейіл періште) түседі. Таң атқанша тыныштық жалғасады» деп бұрын-соңды адам баласы білмеген хабарды жеткізген. Сол себепті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті арқылы мұсылмандарды Рамазан айының соңғы он түнінде Қадір түнін күтуге, оның сауабын іздеп, осы түнді құлшылықпен өткізуге талпындырған.
Қадір түнін әлі күнге дейін Қыдыр деп шатастырып, «Қыдыр ата келіп, үйлерді аралайды» деген түсініктер қалыптасып кеткен. Анығында бұлай ойлауымызға ешқандай негіз (дәлел) жоқ. Жоғарыда келтірген аятта жерге періштелердің түсетіні айтылған. Дегенмен «Қадір» сөзінің мағыналарына тоқталып өтейік:
1) «Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Осыған байланысты Қадір түні дегенде Алланың тағдырды үкім ететін түні екендігін білуге болады. Өйткені Құран Кәрімде: «Сол түні (Алланың) хикметімен тағдырға жазылған әрбір іс нақтыланатын болады» деп бұйырылған («Дұхан» сүресі, 4-аят). Ислам ғалымы Қатада: «Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады», – деген.
2) «Қадір» сөзі «абырой», «бедел» мағынасын береді. Яғни Қадір түні – ұлық және аса қадірлі түн дегенді білдіреді. Мұндай жоғары дәрежеге лайықты болуының себебі, бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы болғандықтан.
3) «Қадір» сөзі «сығылысу» мағынасын береді. Ислам ғалымдары «қадір» сөзі «тарылу» мағынасын да білдіреді деген. Өйткені бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскеннен соң, жердің тарлығынан сығылысады. Бұл жайлы Құранда: «Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының рұқсатымен әртүрлі іс атқару үшін лек-легімен түскен үстіне түсе береді» деп баяндалады. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, «сығылысудағы» мақсат «үлкен қайырлы істердің жүзеге асуы және Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хира үңгірінде Жәбірәйіл періште алғашқы уахи түсіргенде, Пайғамбарымыздың жаны сығылғаны белгілі. Негізінде Қадір сөзі осы үш мағынаны да қамтиды.
Қадір түні жөнінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбан айында үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді» десе, тағы бір хадисінде «Кім қадір түнін сенімімен, артының қайырлы болатынынан үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі» деген.
Рамазан айы келгенде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы Қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады» деп хабарлайтын.
Айша анамыздан жеткен хадисте: «Уа, Алланың Елшісі! Егер Қадір түні екенін білсем Аллаға не айтқаным дұрыс?» деп сұрап едім, сонда Пайғамбарымыз: «Уа, Алла! Сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің, мені кешір деп айт» деді. Сондықтан да барлық күнәларымыздың кешірілуіне кепілдік берілген бұл түнде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен осы дұғаны көп айтуымыз керек.
Жаратушы Иеміз Қадір түнінде жасаған ізгі амалдарымыз бен дұғаларымызды қабыл еткей! Елімізге бейбітшілік пен тыныштық, отбасымызға амандық, денімізге саулық, істерімізге береке бергей!
Нұрсұлтан СЕРІКҰЛЫ,
Сырдария ауданының
бас имамы










