Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 19 газет

14 наурыз 2026 ж.

№ 18 газет

07 наурыз 2026 ж.

№17 газет

03 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Орманда өткен бір түн

Орманда өткен бір түн

Михаил қалың орман шетінде орналасқан бір шағын ауылда тұратын. Бір кездері бұл кісі қайратты, қарулы, алпамсадай ірі болатын. Осы орманда ағаш кесуші болып жұмыс істеп, үй ішін осындай кәсіппен асырап жүрді. Бірақ осыдан үш жыл бұрын төтеннен келген бір ауруға шалдығып, көз жанарынан айырылды. Бүгінде біржола соқыр болып қалды. Сөйтіп, мәңгілік қараңғылық құшағына енді.

Әйелі Галина да өзгере бастаған секілді. Әдепкі кезде шыдамдылық танытып, қамқор болып жүрді. Бірақ күндер айға, айлар жылдарға ұласып, өмір өз ретімен өтіп жатты. Енді оның шыдамы сыр бере бастады. Михаил да оның бірте-бірте алыстай бастағанын сезді.

Екеуінің арасында салқындық орнап, сирек сөйлесетін болды. Сөйлей қалса, дөрекі сөйлейтінді шығарды. Бірде қазан айының аязды күндерінің бірінде Галина оның жанына келіп, Михаилге күтпеген ұсыныс айтты. – Михаил, – деді баяу, бірақ нық дауыспен. – Жүр, орман жаққа барып қайтайық. Сенің таза ауа жұтып қайтқаның дұрыс болады. Михаил таңғалды. Галина көптен бері мұндай сөз айтқан жоқ еді. Михаил басын изеді. Өйткені мұндай мүмкіндікті жіберіп алуға болмайтын. Сондықтан суға кетіп бара жатқан адамның тал қармағаны секілді, бірден келісе кетті. Олар ұзақ жүрді. Михаил таяғына сүйеніп келе жатты. Ал Галина оны қолынан ұстап, орман ішіне қарай дендей берді. Ауа салқындап кетті, балқарағайдың исі мұрын жарады. Аяқ астындағы жапырақтар мен жаңа ғана жауған қар сықыр-сықыр етеді.

– Үйден көп ұзап кеттік пе? – деп сұрады Михаил. Ол әжептәуір шаршаған еді. – Сәл жүре түсейік, – деді Галина. Дауысы қатқыл шықты.
Бір кезде тоқтады. Михаилдың құлағына Галинаның ентігіп тұрғаны естілді. Ол қолын алға созып, Галинаның қолын ұстамақшы болды. Бірақ Галина артқа шегініп кетті. – Міне, мына бөрененің үстіне отыра тұр, – деді ол. – Мен барып жылғадан су алып келейін. Михаил бөрененің үстіне үнсіз отыра кетті. Отырған бөрененің үсті дымқыл әрі мұздай еді. Ол осылай күтіп отыра берді. Уақыт тоқтаусыз өтіп жатты. Мүлгіген тыныштық. Бұл тыныштықты тек алыстан жеткен қарғалардың қарқылы ғана бұзып тұрды. – Галина… – деп шақырды ол жай дауыспен. Жауап болмады. Тым-тырс. – Галина! – деді ол дауысын қаттырақ шығарып. Оның дауы­сы ағаштарға соқтығып, жаңғырық болып өзіне қайта келді. Бірақ бәрібір тым-тырыс еді. Михаилдың жүрегінің соғысы жиілей түсті. Осы кезде оның санасына бір ащы шындық жеткендей болды. Оны осы жерге әкеліп тас­тап кеткен еді. Жалғыз өзін. Мұндай жерде ешкім жүрмейді. Оның өн бойын қорқыныш билеп кетті. Ол орнынан тұрып, таяғымен алдыңғы жағын қармалады. Тәлтіректеп екі-үш қадам жасады. – Галина, Құдай үшін! – деп айқайлады.

Бірақ оның дауысын мынау керең тыныштық жұтып қойды. Ол қай бағытқа жүрерін білмеді. Қай бағытқа жүрсе де, ол үшін бәрі тас-түнек қараңғы еді. Енді ол бұрынғы бөренесіне қайтып отырды. Соқыр көздерінен шыққан ащы жас бет-жүзін күйдіріп жатты.

«Мен масыл болған екем ғой» деп ойлады ол күйініп. «Аяққа оралған артық адам екенмін. Енді ол мені керек етпейді».

Жүрекке түскен мына жара күздің суығынан да суық еді. Бұл – сатқындықтың жарасы. Ешкімге керек емес екенін сезінудің ащы жарасы еді. Уақыт жүрмей қалғандай болды. Ормандағы дыбыстар да өзгерген секілді. Күндізгі у-шу болып жатқан құстар да тым-тырс қалыпты. Жел соқты да, ағаш басындағы бұтақтар сыбдыр-сыбдыр етті. Салқын түсті. Ол тоңазып, дірілдей бастады. Оның үстінде жылы киімі де жоқ еді. Ол осы жерде аштықтан, суықтан өлетінін түсінді. Немесе жыртқыш аңдардан ажалы жетеді. Қою қараңғылық еңсені басып тұрды. Бірақ бұл тас-түнек қараңғылық Михаил үшін жаңалық емес еді. Бұл қараңғылық үйреніп кеткен серігі іспеттес болатын. Ол әрбір дыбысты, әрбір ұсақ өзгерісті өзінше түйсікпен қабылдайтын. Түн ортасы болды. Соқыр Михаил мұны да сезді. Кенет ол қурайдың сытыр еткенін, адамның жүрісіне ұқсамайтын бірдеңенің жақындап келе жатқанын аңғарды. Михаил демін ішіне тартып, қолындағы таяқты сығымдай түсті. Бойындағы өзін-өзі қорғау сезімі мен шарасыздық арпалысып жатты.

Аяқ дыбысы жақындап қалды. Сосын қайтадан тым-тырыс тыныштық орнады. Ол бірдеңенің біркелкі, терең демалысын сезді. Бөтен, бір хайуанның исі аңқып тұрды. Қасқыр. Михаилдың жүрегі қатты соғып тұрды. Ол бұл дүрсілді мына жыртқыш естіп қоя ма деп қорықты. Ол қорқуы тиіс еді. Қасқырлар қорқынышты болады. Әсіресе, бұл сияқты соқыр адам үшін. Бірақ неге екені белгісіз, ол онша қорқа қоймады. Ол орнынан қозғалмады, қасқыр да сол орнында қозғалмай қатып қалды. Егер бұл өмірінің соңғы сәттері болса, не де болса тезірек болса екен деп ойлады.

Бір кезде ол жыртқыштың тұмсығын көтеріп, ауаны иіскей бастағанын сезді. Содан кейін оның қолына жұмсақ, дымқыл бірдеңенің тигенін байқады. Михаил қолын тартып алған жоқ. Ақырын алақанын аударып, қасқырдың тұмсығына тигізді. Қасқырдың түгі қалың әрі жып-жылы еді. Қасқыр ыршып та түскен жоқ, ырылдаған да жоқ.

– Сен де жалғыз ба едің? – деді Михаил сыбырлап. Даусы дірілдеп шықты. Қасқыр қасына келіп шоқиып отырды. Түн салқын еді. Михаил одан тараған жылуды сезді. Бұл екеуінің қатар отырғаны адам сенгісіз, тіпті мүмкін емес нәрсе болатын. Бірақ бұл шындық еді. Олар осылай ұзақ отырды. Михаил қолын қасқырдың арқасына қойды. Қолына қасқырдың жүрегінің соққаны білініп тұрды. Қасқырдың бойындағы жылу оны да жылыта бастады. Бұл оған әжептәуір күш берді. Михаил өзінің өмірін, басынан кешкен оқиғаларын баяу дауыспен, асықпай баяндай бастады. Галинаның опасыздығын, көзінің қалай көрмей қалғанын түгел айтып шықты. Қасқыр орманның қожайыны сияқты қозғалмастан мұқият тыңдап отырғандай еді. – Білесің бе? – деді Михаил қасқырдың арқасынан сипап отырып. – Мен өмірім осы жерде бітеді деп ойлап едім. – Менің ешкімге керегім жоқ. Әйтсе де сен менің жанымдасың. Сен менен қорықпайсың. Сен мені жалғыз қалдырмадың.

Көз жасы оның бетімен домалап ағып жатты. Бірақ бұл басқа көз жасы еді. Бұл шарасыздықтың немесе қажығандықтың жасы емес еді. Бұл – алғыстың, тәубеге келген шүкіршіліктің көз жасы болатын. Таңертең күннің алғашқы сәулесі ағаштардың арасынан түсе бастағанда, Михаил оны көрмесе де ауаның жылынғанын, орманның оянып келе жатқанын сезді. Қасқыр орнынан тұрды. Баяу қыңсылады. Сосын Михаилды жаймен тұмсығымен итерді. Кейін оның күртешесінің етегінен тістеп, алға қарай тарта бастады.

Михаил оның соңынан еріп жүру керек екенін түсінді. – Сен маған көмектескің келіп тұр ма? – деді ол. Жүрегі әлдебір үміттен дүрсілдеп кетті. Ол таяғына сүйеніп орнынан тұрды. Қасқыр алдында келе жатты. Оқта-текте қайырылып келіп, оның аяғын тұмсығымен түртіп, дұрыс жолға салып отырды. Олар жай, бірақ нық сеніммен жүріп келе жатты. Михаил қасқырға біржола сеніп кеткен еді. Олар ұзақ жүрді. Михаил қатты шаршады. Қайта-қайта сүрініп, кейде құлап та қалды. Бірақ қайта тұрып, жүре берді. Қаншама ойдым-ойдым шұңқырлар мен ит тұмсығы батпайтын қалың жыныстар артта қалды. Кенет Михаилдың жүрегі аттай тулады. Ол иттердің үрген дауысын, адамдардың сөйлескенін естіді. Үйлердің мұржасынан шыққан түтіннің иісі де мұрнына келді.

Қасқыр оны тура үйіне алып келген еді. Орман шетіне жеткен кезде Михаил тізерлеп отыра кетті. Сосын жантайған күйінде қасқырға қарай бұрылды. – Рақмет саған, – деді ол даусы жарықшақтанып. – Сен менің жалғыз емес екенімді, менің әлі де біреуге керек екенімді ұғындырдың. Ол қолын созып, соңғы рет қасқырдың жып-жылы түктеріне қолын тигізді. Қасқыр бұрылды да жүріп кетті. Сәлден соң орман ішіне сіңіп жоқ болды. Ауыл тұрғындары Михаилды орман шетінде жатқан жерінен тауып алды. Галина алдынан жылап жүгіріп шықты. Іздеп таба алмағанын айтып жатты. Бірақ оның сөздерінің бәрінен жалғандық сезіліп тұрды. Михаил оны кінәлаған жоқ, ренжіген де жоқ. Өйткені ол орманда өткізген сол бір түнде өмір туралы көп нәрсені түсінді.

Көршілер оны үйлеріне алып кетті. Анна деген жесір әйел үйінің бір бөлмесін беріп, қамқорлығына алатынын айтты. Михаил жаңа өмірін масыл адам ретінде емес, өмірдің талай қиыншылығын көрген тәжірибелі адам ретінде бастады.

Күнде орман шетіне барып, әлденені күтетін. Кейде оның құлағына алыстан қасқырдың ұлыған дауысы естілетін. Мұндай кезде оның кеудесін мейірім мен сағыныш кернейтін. Өйткені бұл – оның қиын-қыстау шақта тастап кетпеген досының дауысы еді. Көзін емдей алмаса да, өмірге деген сенімін қайта оятқан досының дауысы. Енді көзінің көрмейтіні кемістік емес еді. Михаил өмірді басқа көзбен – ерекше түйсікпен көретін болды.

Аударған
Бахтияр МЫРЗАШ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
14 наурыз 2026 ж. 33 0