Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 19 газет

14 наурыз 2026 ж.

№ 18 газет

07 наурыз 2026 ж.

№17 газет

03 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сала жүгін арқалаған сектор меңгерушісі

Сала жүгін арқалаған сектор меңгерушісі

Аудандағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жұмысы күрделі салалардың қатарында. Күнделікті салада қызмет атқаратын әрбір маман жауапкершілік жүгін айрықша сезінеді. Кейіпкеріміз Нұрлыбек Бәйменов – бөлімде сектор меңгерушісі. Ол жұмыс барысында елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және көлік қатынасын ұйымдастыру бағытындағы бөлімнің жұмысын тиянақтылықпен атқарып келеді.

Биыл 47 жасқа келген Нұрлыбек Рахымжанұлы – жоғары білімді азамат. Аудан орталығындағы №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Автомобиль және автомобильдер шаруа­шылығы» мамандығын меңгеріп шыққан. Алғашқы еңбек жолын білікті маман аудандық статистика бөлімінде жетекші маман ретінде бастаған. Кейіннен бірнеше мекемеде жауапты қызмет атқарып, өз сала­сының білгір маманына айналған. Қазіргі қызметіне осыдан екі жыл бұрын кіріскен өз ісінің майталманы жауапкершілік жүгін қашанда сезінетінін алға тартады.

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде өз басым жеке және заңды тұлғалардың түсірген арыз-шағымдарын ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес қарап, жауап беріп, рәсімдеумен айналысамын. Бұдан бөлек, аудан аумағында жол инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жұмысты үйлестіремін. Автомо­биль жолдарына құрылыс, қайта жаңғырту, күрделі жөндеу, орташа жөндеу және ағымдағы жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді ұйымдастыру, бюджеттік өтінімдерді әзірлеп, республикалық немесе облыстық бюджетке ұсынуды жүзеге асырамын. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жол­дарын күтіп ұстау, жөндеу, қайта бейімдеу, жаңадан құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру және құрылыс жұмыстарының жүру барысына мемлекеттік бақылау жасау – тікелей міндетіме кіреді, – дейді сектор меңгерушісі.

Әрине, халық пен мемлекет арасындағы байланысты қамтамасыз ететін жауапты мамандар қатарында мемлекеттік қызметкер тұрады. Кәсіби білімімен қатар жоғары адамгершілік қасиеттерге ие оның өз қызметін атқаруда заң талаптарын қатаң сақтап, жеке басының емес, қоғам мен мемлекеттің мүддесін бірінші орынға қоюы – басты орында. Мұндайда Нұрлыбек Бәйменов әр тапсырманы уақытылы әрі сапалы орындап, қабылдаған шешімінің салдарына жауап бере алуды жақсы біледі.

– Аудан көлеміндегі жалпы пай­даланымдағы жолдарда жол қауіпсіздігін қам­тамасыз ету өз жауапкершілігіме кіреді. Кент және елді мекендердегі жол белгілеріне зерделеу жұмыстарын жүргізіп, сметалық есептемелерін әзірлеу және жол белгілері мен жол үсті таңбаларын сызу жұмыстарын үйлестіруге ықпал етемін. Тұрғын үй қорын басқару, газ және газбен жабдықтау саласында мемлекеттік бақылау жүргізіледі. Газ және газбен жабдықтау салаларындағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне, субъектілеріне қатысты мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады. Елді мекендердің шекаралары шегінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қауіпті техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына мемлекеттік қадағалау жүргізіледі. Тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газбен жабдықтау жүйелерінің тұрмыстық баллондары мен объектілерін қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау толықтай іске асады, – дейді Нұрлыбек Рахымжанұлы.

Үнемі байсалды, сабырлы қалпынан таймайтын ардақты азамат отбасында төрт перзентіне үлгілі әке. Ұлағатты әулет­тің ізбасары ретінде алға қойған мақсатынан, өмірлік ұстанымынан айнымайды. Күні-түні дамыл көрмейтін сала маманының тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға қосқан үлесі зор. Әрине, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», ағартушылық саланың белді өкілі, көзі тірісінде қажы атанған Рақымжан ақсақал мен Сапура ананың 9 перзентінің кенжесі ұядан ілген тәлімін қоғам өмірінде пайдаланып келеді.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
14 наурыз 2026 ж. 31 0