Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 19 газет

14 наурыз 2026 ж.

№ 18 газет

07 наурыз 2026 ж.

№17 газет

03 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қайырымды іс – ізгіліктің бастауы

Қайырымды іс – ізгіліктің бастауы

Рамазан айы – мұсылман қауымы үшін рухани тазару, сабыр мен мейірімділікке толы қасиетті уақыт. Бұл айда адамдар тек ораза ұстап қана қоймай, сонымен қатар мұқтаж жандарға көмектесіп, қайырымдылық жасауға ерекше көңіл бөледі. Көптеген адамдар азық-түлік таратып, киім-кешек беріп немесе қаржылай көмек көрсетіп, қоғамдағы әлсіз топтарға қолдау білдіреді.

Қайырымдылық жасау – адам­гер­шіліктің ең жоғары көріністерінің бірі. Әсіресе Рамазан айында жа­салған жақсылықтың сауабы мол деп есептеледі. Сондықтан да бұл айда игі істер көбейіп, адамдар бір-біріне жанашырлық танытады.

Сонымен қатар 15 наурыз – Қайырымдылық күні ретінде Нау­рыз­наманың онкүндігіне енеді. Атал­ған күн ел халқын мейірім­ділік пен тату көршілікке шақырады. Сон­дай-ақ өзара түсіністік пен мейі­­рімділік, жанашырлық сияқты қасиеттерді бойға сіңіреді. Бұл күні адамдар қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, бір-біріне қол ұшын береді. Наурызды мерекелеу кезінде бұл қасиеттер барынша кеңінен насихатталып, оның қадірі арта түседі.


Қайырымдылық күні адамдарды бірлікке, өзара көмекке және жанашырлыққа тәрбиелейді. Бұл күн тек көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар қоғамда мейірімділік пен адамгершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды мереке болып табылады.

Осы ретте қайырымдылыққа көп қаражаттың болуы міндетті емес ең бастысы ниет болса жеткілікті. Соңғы жылдары қайырымдылық шараларын әлеуметтік желілерде немесе ақпарат құралдарында жариялау жиі кездеседі. Кейбір адамдар мұны дұрыс деп санайды, себебі мұндай жарияланымдар өзгелерге үлгі болып, қоғамды жақсылық жасауға ынталандыруы мүмкін. Кейбір қайырымдылық акциялары көп адамның қолдауын қажет етеді, сондықтан ақпаратты тарату маңызды.

Алайда бұл мәселеге сын көзбен қарайтындар да бар. Олардың пі­кірінше, қайырымдылықты жариялау кейде мақтану немесе өзін көрсету сияқты әсер қалдыруы мүмкін. Діни тұрғыдан алғанда, жақсылықты жасырын жасау – ең абзал амалдардың бірі деп айтылады.

– Рамазан – игі істер мен мейі­рімділік айы. Бұл уақытта жасалған әрбір қайырымдылықтың сауабы есе­леніп жазылады. Игі істің бірі – ауыз­ашар беру, бұл Рамазан айындағы ең танымал әрі сауапты амалдардың бірі. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ең қажетті өнімдерді жинап беру, балаларға айттық сыйлықтар сыйлау, рухани және білім беру де көр­кем іс. Ислам дінінде садақа бе­рудің екі түрі де – жария да, жа­сырын да құпталады. Құран Кәрімде Алла Тағала садақаның екі түріне де рұқсат беріп, бірақ жасырын берудің абзалдығын атап өткен. «Егер садақаны ашық берсеңіздер, ол қандай жақсы. Ал егер оны жасырын түрде кедей-кепшіктерге бер­сеңіздер, бұл сендер үшін қайырлы (жақсырақ) болады» (Бақара сүресі, 271 аят). Хадис шәрифте «Оң қолың бергенді сол қолың білмейтіндей дәрежеде жасырын берген адамның садақасы Раббыңның ашуын өшіреді», – дейді Қалжан ахун мешітінің имамы Марат Әби.

Осындай уақытта ел азаматтары, әсіресе кәсіпкерлер мен жомарт жандар қайырымдылық шара­ларына белсенді түрде атсалысып, көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетеді. Олар азық-түлік таратып, түрлі әлеуметтік көмектер ұйымдастырып, қоғамдағы бірлік пен жанашырлықтың артуына үлес қосады. Бұл – тек көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар адамдар арасында мейірімділік пен бауырмалдықтың нығаюына себеп болатын маңызды іс.

Қайырымдылық жасау арқылы әр адам қоғамға пайдасын тигізіп, өзгелерге үміт пен қуаныш сыйлай алады. Сондықтан мұндай игі күндерде жақсылық жасап, айнала­мыздағы адамдарға қолдау көрсету – баршамызға ортақ міндет.

Ең бастысы – адамның ниеті таза болуы. Жақсылықты жариялау да, жасырын жасау да адамның ниетіне байланысты. Егер ол қоғамды жақ­сы­лыққа шақырып, адамдарды көмек­тесуге ынталандыру үшін жа­сал­са, онда оның пайдасы зор болмақ.

Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

14 наурыз 2026 ж. 35 0