Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Такси қызметіне қатаң талап орнамақ

Такси қызметіне қатаң талап орнамақ

Бұрнағы күні әкімдікте «Жолаушылар және багажды тасымалдау барысында көлік заңнама талаптарының сақталуы» бойынша жиын өтті. Оған Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Н.Шамұратов, аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров, кент әкімі Н.Бисембаев, дербес бөлім басшылары, сала мамандары, тиісті орган қызметкерлері қатысты.
Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары қазіргі таңда халықтың басым бөлігі такси қызметіне жүгінетіндігін тілге тиек етті. Такси қызметінің жұмысын бір жолға қою жөнінде облыс бойынша бірқатар мәселе туындағаны мәлім. Ең бастысы, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, жүргізушінің талапқа сай болуын қадағалау міндеті тұр. Кез келген жағдайда автокөліктің техникалық базасын тексеріп, жолға жарамдылығын назарда ұстаған жөн. Сондықтан аудан көлемінде автотұрақтарды бақылауға ала отырып, такси жүргізушілеріне түсіндірме жұмысын жүргізу аса маңызды. Жиында инспекция басшысы Н.Шакизадаұлы жолаушыларды тасымалдау қызметі барысында заң бұзушылықты болдырмау мақсатында жүргізілетін міндеттерді атады. Облыс бойынша такси қызметімен айналысатын тұлғаларға көлік заңнамалары талаптарын түсіндірді. Алдағы уақытта тиісті сала мамандарымен бірлескен рейд жұмысын жүргізіп, заң шеңберінде әрекет ету жолдарын көрсету керектігін жеткізді. Сонымен қатар автобустармен (шағын автобустар), оның ішінде таксимен тасмалдаушылардың мемлекеттік кірістер басқармасына тіркелуі туралы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары А.Жүсіпов жиналғандарға мол мағлұмат берді. Жалпы қоғамдық негіздегі автокөлік және такси жүргізушілері кейбір жағдайда салық базасына тіркелуден бас тартып, заң бұзушылыққа жол беруде. Мұның да түйінін шешу қажеттілігі айтылды.
Жиын барысында заңсыз жолаушылар тасымалдайтын жүргізушілерді медициналық тексеруден және көлігін техникалық байқаудан өткізу тәртібін қалыптастыру керектігі айтылды. Осы орайда аудандық жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы А.Мұстафаев кенттегі такси тұрақтарының қазіргі жай-күйіне тоқталды. Күнделікті тұрақтардағы ахуалды бақылау арнайы мамандардың міндетіне кіретіндігін түсіндірді. Аудан көлемінде жолаушыларды қоғамдық көлікпен тасмалдау бағытында жүргізіп жатқан жұмыстары жайлы жеке кәсіпкер А.Арысбаев, «Такси қызметімен айналысатын тұлғалар тарапынан такси тасымалдаушысы ретінде қызметтің басталғаны» «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің» Сырдария аудандық бөлімі басшысының орынбасары С.Бекжүнісова хабарлама жасады. Өз кезегінде жиынға қатысушы сала мамандары аталған мәселе төңірегінде өз пікірлерін ортаға салды. Жалпы жиында жолаушыларды тасымалдау барысында заң бұзушылықтарды болдырмау жолдары нақтыланды.

Б.ОРДАБЕКОВ
07 қыркүйек 2019 ж. 910 0