АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ
Бұрнағы күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу, оларды болдырмау жөнінде аппарат мәжілісі өткізілді.
Аталмыш жиында «Қысқы мезгілде өрт, су, жарық, жылу және жол қауіпсіздігі шараларының алдын алу туралы» аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров хабарлама жасады. Негізінен аталған мәселе төңірегінде қыс айларында қиындық туындамас үшін тиісті мекемелер ұтымды жұмыс жасауға кірісіп кеткен. «Апат айтып келмейді» демекші орны толмас шығынға ұшырамау мақсатында жоспарға сәйкес жүктелген қызметті орындау басты міндет. Сонымен қатар, алдыңғы орында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керектігі айтылды. Өз кезегінде жоғарыда көтерілген мәселеге қатысты «Сырдариясушар» өнідірістік учаскесінің басшысы Б.Искаков, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бахтияров, аудандық полиция бөлімінің бастығы Е.Сағидуллаұлы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы А.Оразбеков жан-жақты ақпарат берді. Бұл ретте апатты болдырмаудың негізгі тетігі қиындық келтіретін кез-келген жағдайды назардан тыс қалдырмау болып табылады. Қазіргі таңда су деңгейін қадағалау, тілсіз жаумен күресу, тұрғындар үшін маңызды қажеттілік жарық, жылу, жол қауіпсіздігі турасында өнімді жұмыс атқару керектігі мамандар тарапына жүктеледі.
Жиын соңында аудан басшысы Ғ.Қазантаев кент және ауылдық округ әкімдеріне, дербес бөлім және мекеме басшыларына нақты тапсырма берді. Сондай-ақ, қыс маусымында төтенше жағдайға жол бермеуге қатысты өз ұсынысын айтты.
Б.АЯБЕКҰЛЫ