ҮЙЛІ БОЛУДЫҢ ҮЛКЕН МҮМКІНДІГІ

Елбасының халықты баспанамен қамту бағытындағы тапсырмасын іске асыру мақсатында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен қабылданған «Орда» және «Өз үйім» өңірлік тұрғын үй бағдарламасының тиімді тұстарын түсіндіру мақсатында аудан әкімдігінің мәжіліс залында жиын өткізілді. Аудан әкімі аппараты мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Қызылорда филиалы бірлесе ұйымдастырған жиынға дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, бюджеттік сала қызметкерлері, құқық қорғау органдарының мамандары қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Е.Ахетов ашып, қазіргі таңда тұрғындарға аталған бағдарламалардың тиімді жақтарын тілге тиек етті.
– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етудің маңыздылығы кеңінен айтылып, тиісті тапсырмалар берілді. Бұл бағытта аймағымызда арнайы «Жол картасы» әзірленіп, көптеген жұмыстар атқарылуда. Мәселен, аймақ басшысының тікелей қолдауымен «Орда» және «Өз үйім» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарламаның басты мақсаты – тұрғын үй алуға ниетті азаматтардың тиісті жеңілдіктер арқылы баспанаға қол жеткізуін қамтамасыз ету болып табылады. Осыған сәйкес, бүгін «Орда» және «Өз үйім» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу бағытындағы арнайы жиналыс ұйымдастырылуда,-деді аудан әкімінің орынбасары.
Жиын барысында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Қызылорда филиалының бизнесті дамыту бөлімінің бас маманы Жанар Әділбекқызы хабарлама жасады.
– Елімізде баспанасы жоқ жас отбасылар көп. Олардың бәрі бірдей бастапқы жарна жинай алған жоқ, алайда ай сайын белгілі бір сома аударып отыр. Сондықтан біз Қызылорда әкімдігімен бірге «Орда» аймақтық бағдарламасын әзірледік. Оған қатысушылар 8 жыл бойы жалға берілетін пәтерде тегін тұрады. Алайда осы уақыт ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотқа үй бағасының 50%-ын жинау керек, осыдан кейін пәтерді жеңілдетілген мөлшерлемемен сатып алады, – деді Ж.Әділбекқызы.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласы сол жағалауда салынып жатқан тұрғын үйлерді алу мүмкіндігін туғызатын «Өз үйім» бағдарламасының негізгі алғышарттарына тоқталған Ж.Әділбекқызы бағдарламаға қатысуға шақырды.
Өз кезегінде жиынға қатысушылар «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Қызылорда филиалының мамандарына сұрақ қойып, тиісті жауап алды.
Б.ОРДАБЕКОВ
Пікір 2