СУ АЙДЫНДАРЫН ҚОРҒАУДЫҢ МӘНІСІ ЗОР
Өткен аптаның сенбісінде ауданда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің №17-5-6/8 тапсырма бұйрығына сәйкес су айдындарында «Аулардан таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы өткізілді. Акцияға облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инпекциясының бас мамандары Ж.Сагидуллаев, Е.Көшкінбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің қызметкерлері, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Әзірбек пен сала мамандары қатысты.
Шара барысында Тереңөзек-Шаған трассасының бойынан 10 шақырымында орналасқан резервтегі «Иіркөл-Құмкөл» және «Қалғандария-Тереңөзек-1» көлінің жағалауынан әртүрлі тұрмыстық қалдық пен су түбінен бірнеше дана ескі аудың бөліктері алынды. Арнайы құрал-жабдықтардың көмегімен су айдындары күл-коқыстан арылып, тиісті орынға төгіліп, тазартылды. Жағалау маңындағы демалушыларға түсіндірме жұмысы жүргізілді. Алдағы уақытта да тиісті су айдындарына қатаң қадағалау жасап, заң бұзушылықты болдырмауға жұмыс жасала беретін болады.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ