СУ АЙДЫНДАРЫ МАМАНДАР БАҚЫЛАУЫНДА
Табиғатты қорғауды басты назарда ұстау сала мамандарының міндетіне кіреді. Оның ішінде су айдындарының айналасын, көлдердің жағалауын күл-қоқыстан арылту экологиялық ахуалды жақсартатыны да белгілі. Аудан көлемінде орналасқан шағын су арналарын қадағалау, тұрғындарды белгіленген орынды ластамауға шақыру, үнпарақтар тарату шаралары жыл бойына жалғасады. Жақында облыс аумағында балық шаруашылығы су айдындарында «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясы өткізілді. Аталмыш акция ауданда кеңінен ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары белсенді түрде жалғасын тапты. Оған облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының бас мамандары Б.Кенжебаев, Ж.Сағидуллаев, К.Нұрылдаев, ауыл шаруашылығының маманы Ж.Әлайдаров, «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мемекемесі» КММ мен «Болат» шаруа қожалығының, «Сырдариясушар өндірістік учаскесі» мамандары қатысты.
Акция барысында сала мамандары «Айтек» су торабында, «Қалғандария», «Қалғандария Тереңөзек 2» көлі жағалауларын күл-қоқыстан тазартып, арнайы белгіленген орынға апару жұмыстарын жүргізді. Бірнеше техника мен адам күші жұмылған акция негізінде су айдындарының айналасы тазаланды.
Жаз басталысымен тұрғындар табиғат аясына шығып, демалады. Бірақ, олардың соңында жиналмай түрлі заттардың қалдықтары қалады. Өйткені, жаз маусымы басталысымен шағын су арналарына балалар шомылуға немесе балық аулауға көптеп барады. Табиғатты бүлдіру деген осы. Сондықтан демалыс ұйымдастырғанмен әр адам соңын жинап, қалдықтарын арнайы орынға жинап немесе қоқыс тастайтын жерге тасталса. «Қалғандария Тереңөзек 2» көлі қазіргі таңда жеке кәсіпкер Ғ.Қалдыбеков иелігінде. Жақын күндері демалыс орнын ашуға ниетті кәсіпкер бұрыннан жатқан күл-қоқыстар тазартылғанын жеткізді.
Күні бойы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, мамандар пікірі ескерілді. Әрқашан жүйелі қызметке кірісу қағидаттары айтылды. Демек, осындай акциялардың су айдындарын таза ұстауға септігі мол.
Б.ОРДАБЕКОВ