Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК СТУДЕНТІ КІМНІҢ КІТАБЫН ОҚУҒА КЕҢЕС БЕРДІ?

ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК СТУДЕНТІ КІМНІҢ КІТАБЫН ОҚУҒА КЕҢЕС БЕРДІ?

Бұрнағы күні аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Н.Ілиясов ауылдық модельді кітапханасының ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Жастар жылы» аясында, «Ел болашағы – жалынды жастар» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Жаңадан ашылған кітапхананың коворкинг орталығындағы шарада облыс бойынша алғаш рет автокөлікті сусыз жуу бекетін ашқан, 2019 жылы «Үздік студент» атанған Асқар Жылқаев пен облыстық көркемсөз оқуларының жеңімпазы Аружан Әбдрахманова кітапхананың белсенді оқырмандарымен жүздескен болатын.
Өз кезегінде ауыл әкімдігінің бас маманы Зәуреш Әбілмаржанова, №132 Т. Айтбаев атындағы мектептің мұғалімі Қуанышбек Бисенбаев сөз алып, жастар жылына орай бірқатар қолдау тапқан игі бастамаға тоқталып, қашанда олардың жүзеге асуына ықпал жасау керектігін айтты.
Сонымен қатар «Жеке кәсіп ашамын» деген кез келген жасқа мемлекет тарапынан жасалып жатқан түрлі бағдарламалар мен оқу курстары жөнінде мол мағлұмат берді.
Шара барысында кеш қонақтары А.Жылқаев, А.Әбдрамановаға ауыл жастары сұрақ қойып, тұщымды жауап алды. Емен-жарқын әңгіме барысында бүгінде кәсіп ашып, оны әрі қарай жетілдеру төңірегінде, және бизнесте қалай жетістікке жету керектігі жөнінде дарынды жас Асқар Жылқыаев әңгімеледі. Қоғам өміріне белсене араласқан кәсіпкер тек еңбекқорлық пен білім керек екендігін жастарға айтты. «Zhas Project» мемлекеттік грантын ұтып алып, өз кәсібін өрге домалатқан жалынды жасқа оқушылар тарапынан жолданған сұрақтың басым көпшілігі жеке бизнесі жайында болды. Осы уақытқа дейін 79 байқауға қатысып, соның 25-сі сәтсіз жеңілістерге ұшырағанын айтқан ауыл мақтанышы жастарға екі нәрсені өз бойларынан аулақ ұстауды ұсынды. Алғашқысы ұялшақтық болса, екіншісі тәкәппарлық. Бұдан бөлек жас кәсіпкер кездесуге келген жастарға Роберт Кийосакидің «Богатый папа, бедный папа» шығармасын оқуды ұсынды.
Кітапты жанына серік етіп, үнемі ізденімен жүретін Аружан Әбдіраманова оқушылар тарапынан қойылған сан түрлі сауалға жауап беріп, өз ойын ортаға салды. Ұлттық, елдік, мемлекеттік отбасылық құндылықтар жөнінде айтты. «Ең алғаш кітапханаға анам ерітіп көрсеткен, содан бері мен кітапхананың тұрақты және белсенді оқырманымын. Өзім оқыған кітаптарымды әркез әлеуметтік желі арқылы өз парақшама салып оқуға ұсынып отырамын. Жастар оқуға тиісті 100 кітаптың мен 50 оқыдым, биылғы жылы жазғы демалысымда аптасына бір кітап оқуды қолға алдым. Сіздерге Қуаныш Шоңбайдың «Екінші болма» атты шығармасы мен шетел әлем әдебиеттерін де оқуға кеңес беремін», – деді өз сөзінде.
Қатысушылар арасында болашақ қалымды жанына серік етіп, ақындық әлемге бет бұрған оқушылар өз өлеңдерін оқып, көрермен қошеметіне бөленді. Шара соңында кеш қонағы Бораш Келесова жастарға бата беріп, істеріне сәттілік тіледі.

М.ҚОЖАБАЙ

20 тамыз 2019 ж. 539 0