ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
Аудандық орталықтандырылған кітапханада «Жастар жылына» орай Сырдария агроколледж студенттерімен кездесу өтті.
Кездесуді аудандық кітапхананың бөлім меңгерушісі Р.Құлмаханова жүргізді.
– Жастар қоғамның қозғаушы күші. Олар біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. Сондықтан да Елбасы Жарлығымен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды, – деді кітапханашы.
Кездесуде кітапхананың тұрақты оқырманы, спорт ардагері М.Елеусінов қоғамның алға басуы үшін жастардың белсенділігі, елжандылығы аса маңызды екендігін айтып, қазіргі кезеңде оларға мемлекет тарапынан көптеген қамқорлық жасалып отырғандығын жеткізді.
– Қазіргі қоғам цифрландыру заманы. Жастарымыз соған сай болуы керек. Бүгінгі күні білімді жасқа алынбайтын қамал жоқ, – деді ардагер. Сондай-ақ кездесуде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Б.Ахметов, аудандық аурухана жастар денсаулығы орталығының маманы Г.Жаналиева тәуелсіз елімізде жастардың жан-жақты білімді, дені сау азамат болып қалыптасуына барлық жағдай жасалып отырғандығын жеткізді. Колледж кітапханашысы А.Нәбиеваның айтуынша арнаулы оқу орнында 160-қа жуық студент білім алады. Оның 45-і жатақханада тұрады. 8 мамандық бойынша білім алатын жастар спорт, өнер үйірмелерінің белсенді мүшесі. Өз кезегінде кездесуге қатысқан студенттердің көпшілігі дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алып жатқандарын, оқуды бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуға мүмкіндігі мол екендігін айтты. Ал, жұмыс Мемлекет басшысы айтқандай бұл – адамның әл-ауқатының негізгі көзі.
Кітапханадағы кездесуден биылғы жыл сырдариялық жастар үшін жарқын жетістіктерге толы болады деген ой түйдік.
Ш.НҰРСЕЙІТОВ