Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҰЛПАР МІНІП, ТУ АЛҒАН

ТҰЛПАР МІНІП, ТУ АЛҒАН

Бұдан бұрын республика көлемінде «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасын қолдау мақсатында батырлар жырын жатқа айтудан эстафета өтіп, еліміздің игі жақсылары жаппай атсалысқаны есімізде. Ал бұл жолы ұйымдастырылып отыр­ған «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының мақсаты – әманда ел тағдырын биік қойған ерлік дастандарымен оқушыларды сусындату.
Эпостағы әр сөздің ма­ғынасы мен мазмұнын түсі­ну – байқаудағы басты та­­лап­тардың бірі. Поэ­тикалық мәтінді мең­геру арқылы оқу­шы та­рихты да терең түсіне бастайды. Есте қалатын поэ­тикалық мә­тін оқушының сөй­­леу мәдениетін, са­­­уат­­ты жазуын қа­лып­тас­тырады. Осылай­ша мектеп оқушысы әде­­би шы­ғармаларды талғам­мен оқу­ды қалып­тастыратын болады. Аталған жобаның ұйым­дастырушысы «Qazaq Epos» қоғамдық қорының бас директоры Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, байқау 6-10 сынып оқушылары арасында өтеді. Қатысушылар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырды мағыналы-контекстік тұрғыда талдауы тиіс. Одан бөлек, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді.
Сырдариялық 170 оқушы қыркүйек айында өтетін осы байқауға қатысады. Бүгінгі таңда байқауға қатысуға республика бойынша 5621 мектептен 50 мыңнан астам оқушы, 23 мыңнан аса мұғалім тіркелді. Ал Қызылорда облысы бойынша 2800 шамасында оқушы мен 1400-ге тарта мұғалім тіркеліп отыр. Оның ішінде Сырдария ауданынан 170 оқушы байқауға қатысуға ниетті. Оларды сайысқа 85 мұғалім дайындауда.
Қазірдің өзінде 10 оқушы жырдың 100 бетін жаттап алды. Ал Шаған ауылы №37 мектеп-лицейдің 6 сынып оқушысы Мөлдір Мұратқызы (суретте), Сейфуллин ауылы №137 мектептің 8 сынып оқушысы Алтынай Бердібекова, сол мектептің тағы бір 8 сынып оқушысы Ғайниза Бөкенбайқызы «Қобыланды батыр» жырын толық жаттаған. Өзге өрендер де күздің алғашқы айында өтетін байқауға қызу дайындалып жатыр. Ұстаздарының айтауынша, балалардың бұл жырды жаттауға екі айдан астам уақыты кеткен. Күніне екі-үш беттен жаттауды мұғалімдері байқау жайлы естіген күннен бастап қолға алған.
– Жыл басында бастау алған байқау туралы ұстазым Ардагүл апайдан естідім. Бірден қызығушылығымды оятқан «Қобыланды батыр» жырын жаттауға ден қойдым. Аз ғана уақыттың ішінде 132 беттен тұратын эпосты бүгінде кез келген жерінен тоқтатып сұрасаңыз айтып бере аламын. Сайыстың облыстық кезеңін асыға күтіп жүрмін. Барлық оқушыны жаздық демалыс кезінде құр жатпай осы жырды жаттауға шақырамын, – дейді шағандық оқушы М.Мұратқызы.
Айта кетейік, байқау үш кезеңнен тұрады, ау­дандық, облыстық және республикалық.
Жоба аясында 132 беттен тұратын «Қобыланды батыр» жырын 50 мың оқушыға толық жаттату көзделген. Ал осынау тарихи жетістікті Гиннестің рекордтар кітабына енгізу мақсатында өтінім беру де жоспарда бар.

Майя ҚОЖАБАЙ
16 шілде 2019 ж. 1 665 0