Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Экономиканы әртараптандыру дамуға дем берді

Экономиканы әртараптандыру дамуға дем берді


Жыл алмасқан кездегі өткенді бағамдап, алдағы күнге жоспар құратын дәстүр барлық саланың жұмыс ырғағын өзгертеді. Оның үстіне Елбасының жақында жариялаған Жолдауынан туындайтын міндеттер бұған дейін бекітілген жос­парлы шараларды одан әрі ширатуды, жаңа мақсаттар белгілеуді талап етеді. Сенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтіп, онда аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жарияланып, басталған  жылдың міндеттері нақтыланды.
Аймақ басшысы өңірді дамыту бағдар­ла­масының басты бағыты – экономиканы әртараптандырудың нәтижелеріне тоқталды. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер облыс дамуының динамикасы жоғары екеніне дәлел бола алады. Әрине, мұнай қорының түгесілуі мен әлемдік  нарықтағы жағдай, соңғы 5 жылдағы «қара алтын» өндірудің қысқаруы өнеркәсіптік өндірістің адымын тұсаулады. Дегенмен, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы, индустриалды-инновациялық сала қарқынды дамып келеді.
Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы әзірленіп, жобаларды жүзеге асырудың басым бағыттары белгіленді. Кәсіпкерлікті өркендетудегі  бас­тамалары мен ынтасы, ең бастысы нәтиже барлық деңгейдегі әкімдердің, басшылардың жұмысын бағалаудың критерийіне енгізілді.
Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Қ.Ысқақов өнеркәсіп кәсіпорындарының,   өңдеу өнеркәсібінің жетістіктеріне тоқталды. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім жеңіл өнеркәсіп, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру, резеңке және пластмасса бұйымдарын, металлургия өнеркәсібі өндірісінің артуы есебінен қамтамасыз етілді.
Облыс әкімінің іс-қимыл жоспарындағы шаралардың орындалуы туралы айтқан хабарламашы олардың ұзақ мерзімге белгіленгендерінен басқасы біртіндеп жүзеге асып жатқанын айтты. Құрылыс көлемі бойынша еліміздегі маңдайалды 3 аймақтың ішінде, негізгі капиталға салынған инвестиция тарту бойынша 6 орында тұрмыз.  Былтыр 612,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, республикалық көрсеткіштен асып түсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі – мал және құс етін,  жұмыртқа өндіру артты.
Жүк тасымалдау көлемі, жолаушылар айналымы едәуір өсті. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. Тұрақты жұмыспен, жергілікті бюджет есебінен төленетін қоғамдық жұмыспен, жастар тәжірибесімен, әлеуметтік жұмыстармен қамтылған азаматтар қатары артып келеді.
Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департа­ментінің басшысы С.Мұстафаев салық базасын кеңейту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Өткен жылы мемлекеттік бюджеттің болжамы 102,7 процентке артығымен орындалды. Оның ішінде республикалық бюджет 101,7 процентке, ал жергілікті бюджетке бекітілген жоспар  104 процент  орындалып, бюджетке  1 794 млн теңге артығымен түсті.   Салыстырмалы талдау түсімнің жылдан жылға артып отырғанын көрсетті.
Облыс бойынша 11271 заңды тұлға, 42936 дара кәсіпкер тіркелген, жыл басымен салыстырғанда, заңды тұлғалар 650-ге, дара кәсіпкерлер 2091-ге артты. Мемлекеттік кірістер органдары 1048  салық төлеушіні дара кәсіпкер ретінде тіркеуге ықпал етті.
Аудандар бойынша тіркелген кәсіпкерлердің  ең аз үлесін Сырдария, Жалағаш, Жаңақорған құрайды. Оның ішінде ауылдық округтерде  тіркелген кәсіпкерлер үлесі Қазалы, Арал  және Қармақшы аудандарында төмен деңгейде қалып отыр.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті  дамыту» бағдарламасының орындалуы туралы хабарлама жасаған облыс әкімінің орынбасары Е.Ким «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы аясында 937 адам оқып, оның ішінде бизнес-жоспарды 364 адам қорғап шыққанын айтты.  Қызылорда қаласы мен аудандар кәсіпкерлеріне 442 микрокредит ұсынылған. Бөлінген қаражаттан «Қазақстан Халық банкі» АҚ өңірлік филиалы 3 жобаны, «АТФ банк» АҚ 4 жобаны қаржыландырды. Сонымен бірге, «Ресей жинақ банкі» АҚ  1 жобаны несиелендірді. Қалған қаражатты «Даму» қоры  «Қызылорда» ӨИО-ға бөлді. Оған қоса ішінара кепілдік беру үшін 6 млн теңге қаражат қаралды. Бағдарлама талаптарына сәйкес бөлінген қаражаттың барлығы «Даму» қорына кепілдік беру үшін аударылды.
Жаппай кәсіп­керлікті дамыту үшін Жол картасы барлық деңгейдегі әкімдерден өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздарды кәсіптік білім алуға жіберу талап етіледі. Оған қоса қаржыландырылатын жобалар тізімін жасау, қаржы көздерін белгілеу басталып кетті.
Аймақ басшысы бұл мақсатқа бөлінген қаржының бірінші жартыжылдықта игері­луін, нақтыланған Жол картасын, белгіленген ресустарды пайдалануды тапсырды. Оған қоса жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қосымша қаржы қарастыру да қарқынды жүруі тиіс.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағ­дарламасының орындалуы туралы хабарлама жасаған облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов негізгі дақыл күріштің әр гектарынан 55,3 центнерден өнім алынып, 502,5 мың тонна күріш салысы жиналғанын, бұл күріш өндірісі тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш екенін айтты.  Иранда сұранысқа ие «Тором Хошеми» сорты тәжірибелік негізде өсіріліп, өнімділігі мен сапасы жоғары болды. Биыл осы сорт өнімін Иранға экспортқа шығару жоспарлануда.
Алдыңғы жылмен салыстырғанда ірі қара, жылқы, түйе, құс саны өскен. Ет, сүт, жүн  және жұмыртқа өндіру ұлғайған. Одан әрі хабарламашы «Сыбаға», «Алтын асық»,  «Құлан» бағдарламалары туралы айтты. Облыс көлемінде эпизоотиялық жағдай тұрақты. Халықаралық эпизоотиялық бюроның  шешіміне сәйкес Қызылорда облысына вакцина қолданатын аусыл бойынша таза аймақ мәртебесі беріліп, буферлік аймақтан шығарылды. Осының нәтижесінде Иран Ислам Республикасына 812 бас, Біріккен Араб Әмірлігіне 1130 бас, Моңғолия Республикасына 300 бас уақ мал экспортталды. Осы жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады.
Облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін дамыту мақсатында өткізу рыноктарын кеңейту және ішкі нарықты өз өндірісімен молайту үшін жылдам дамытуды қажет ететін салалар нақтыланды.
Мәжілісте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы М.Әлсеріков, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Әбдіхалықов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Құдабекова өткен жылға жоспарланған инвестициялық жобалар туралы айтты. Оның ішінде жобалық-сметалық құжаттарының пайдалану мерзімі өткен жылы аяқталған жергілікті инвестициялық жобалардың қаржыландыру жағдайына талдау жасады.
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламасының жүзеге асырылуы жайында есеп берді.  «Рухани жаңғыру» өңірлік кеңсенің жұмысы аймақтардағы өңірлік жобалық кеңселердің арасында үздіктер қатарында аталды. Биыл «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі жобаларды одан әрі жалғастырмақ. Хабарламашы «Сыр медиа» ЖШС жанынан ашылған «Рухани жаңғыру» орталығының басшылығы тарихшы-ғалым Н.Мыңжасовқа жүктелгенін айтты.
Өткен жылы «Қазақстанның жалпы­ұлттық қасиетті нысандары» қатарына қосу үшін 12 ескерткіш таңдалды.  Оған қоса 35 тарихи-мәдени ескерткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілді. Бұлар «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты кітаптарда жарық көрді.  Ендігі кезекте осы тарихи орындарды 3D форматындағы сандық жүйеге көшіріп, виртуалды картасын жасау міндеті тұр.
Аймақ басшысы рухани мәселелер бойынша Сыр өңірі барлық бастамалардың бастаушысы,  ньюсмейкері болуы керектігін тағы да атап өтті. Жиынға қатысушыларды жаңа орталықтың жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды.
Мәжіліс соңында сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеліп, шешімдер қабылданды.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
30 қаңтар 2018 ж. 1 071 0