ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА "ОРДА" ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ ӘЗІРЛЕНДІ
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихаттың кезекті XVII сессиясында аймақ тұрғындарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы әзірленгенін мәлімдеді.
– "Орда" тұрғын-үй құрылысының жол картасы 3 жылға есептелген. Бұл құжаттың негізгі мақсаты - облыс тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Әсіресе, әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарға арналады, - деп атап өтті облыс әкімі Қ. Көшербаев.
Айта кету керек, 2017 жылдың 10 айында облыс тұрғындарының өз қаржысымен баспана тұрғызуы 18 пайызға өскен.
Сондай-ақ, аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына да тоқталды. Осы жылы өңір экономикасының негізгі салаларында өсім байқалады. Тек мұнай өндірісінің төмендеуі салдарынан өнеркәсіп көлемі азайған. Дегенмен, Қызылорда облысы негізгі салалар бойынша республикада алдыңғы қатарда. Соңғы 4 жылда шикізаттық емес өнеркәсіп секторында өндіріс көлемі 28 пайызға өсті, ал республикада - 6,4 пайыз.
Биыл 10 айда 165 млрд. теңгенің инвестициясы негізінде 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Атап айтқанда, жыл басында тек бюджет қаржысы есебінен 28 көпқабатты тұрғын үй салынып, 1560 пәтерде қоныс тойы тойланды. Бүгінде апатты жағдайдағы үйлер мәселесі толығымен шешілді. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысы үшін 20600 жер телімінің инженерлік инфрақұрылымдары тартылды.
Облыста шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7 пайызға өсті, ал кәсіпорындарда жұмыспен қамтылғандар 4 мың адамға жетті. Жыл басынан бері облыста 12 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұл табысқа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты мен тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы арқасында жеткенімізді атап өтті.
Пікір 2