Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕТЕКШІ САЛАДА ЖЕТІСТІК КӨП

ЖЕТЕКШІ САЛАДА ЖЕТІСТІК КӨП


 Аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бағытында өткен жылы біршама жұмыстар атқарылды. Бұл туралы бүгін Қызылордада өткен идеологиялық активте айтылды.   
    Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қатысуымен Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына арналған жиында өңірдің аграрлық саладағы жетістігі жайлы айтылып, саланың алдында тұрған міндеттер әңгіме болды.
    Былтыр соңғы төрт жылда дәстүрге айналған  рекордтық көрсеткішті сақтай отырып, 91 мың гектар күріштен облыс тарихында тұңғыш рет жарты миллион тоннадан астам Сыр салысы қамбаға құйылды.

    – Өткен жылы облыстың ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу нарығына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде облыстың агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейін дамуының Агрокартасы әзірленді.
    Былтыр 84,6 мың тонна күріш сырт елдерге экспортталды. Күріш экспорты 2016 жылмен салыстырғанда 61,1 пайызға, жалпы ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау 60 пайызға артты.
    Экспортқа ет шығаруға сәйкес өткен жылы тамыз айында Иран Ислам Республикасы және Біріккен Араб Әмірлігіне барлығы 2000 бас қозы тірілей экспортқа шығарылды, – деді облыс әкімі.
    Сонымен қатар, қозы етін экспорттау мақсатында Сырдария ауданында 10 мың қой өсіріліп, жылына 250 тонна қозы еті экспортқа шығарылатын болады.
    Агрокарта аясында жылдам дамытуды қажет ететін салалар және ауыл шаруашылығы өнімдерін (күріш, балық, ет, бақша, т.б.) экспорттау көлемін 2020 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолдары айқындалған.
23 қаңтар 2018 ж. 1 094 0