Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕЛСЕНДІ ҚАРИЯЛАР – БІРЛІКТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

БЕЛСЕНДІ ҚАРИЯЛАР – БІРЛІКТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ


Қазір мемлекеттік мекемелерде жастармен бірге егде тартқан кісілер де компьютер тілін жетік меңгерген. Одан бөлек, ақпараттық қоғамда зейнеткерлер заман техникасына үңіліп, оны қолдануды уақыт өткен сайын біліп келеді. Аға буын өкілдері ақпараттық кеңістікке кең құлаш сермеу үшін осыны ұғынбаққа, үйренбекке талпынуда. «Заманына қарай адамы» дегендей, қоғам талабы болғандықтан жедел дамыған ақпараттық жүйеге бейімделмекке егде жастағы кісілер де бекінген. Мұның өзі қариялардың лайықты өмір сүру сапасының артуына ықпалын тигізері сөзсіз.

Сөзімізді жандандыру үшін республикаға белгілі тоғызқұмалақшы, зейнеткер Мектепхан Елеусіновке жолықтық. Талай шәкірттерді тәрбиелеген ұстаз мына қоғамда жастың да, кәрінің де компьютерді білуі керек дейді.   
– Қазіргі кезде әркімге компьютерлік сауаттылық қажет. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында барлық жұмысты электронды түрде жүргізуді тапсырды. Соған орай, жас та, кәрі де компьютерді білмесе, келешекте көп қиындықтарға тап болады. Қазірдің өзінде қажетті құжаттарды үйде алуға мүмкіндік бар. Бұл үлкен кісілерге қолайлы. Бірақ олар замана техникасын білмесе, керекті құжатын алуға арнаулы мекемеге барып әуре болады. Сол себепті, ақпараттық қоғам талабына сай болу керек, – деген кейіпкеріміз бүгінде компьютерді керегіне қолданатынын айтты. Ардагер спортшы өзіне керекті ақпараттарды ғаламтордан алып, қажетіне пайдаланады екен. Одан бөлек, тікелей желі арқылы ағайын-туыспен хал-жағдай сұрасса, сондай-ақ қазақстандықтармен тоғызқұмалақты да «онлайн» арқылы ойнайды. Тоғызқұмалақтан спорт шеберіне үміткер болған қария уақытылы, өз пайдаңа қолдана білсең, компьютердің зияны жоқ екенін тілге тиек етті. Тек мұны егде жастағы кісілер толық меңгеру үшін кейде семинарлар өткізсе екен деген ұсынын да білдірді.
Бұдан бөлек, М.Елеусінов қазіргі таңда аудан қарттарының көпшілігі үйде отырмай, спорттық шараларға белсене қатысатынын жеткізді. Олар денсаулығына байланысты жүгіріп, доп лақтырмаса да «Достық» үйіндегі ардагерлер бөлмесінде шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнап, бір уақыт бой сергітеді. Мұнда ардагерлер бильярд та ойнайды. Тоқсанға таяған ауданға белгілі қария Рақымжан Бәйменов бұл жердегі ақсүйектер ойынының хас шебері. Бильярд таяғымен шарды шарға ұрып, бұрышқа дәл түсіргенде жастардың өзі бас шайқап тұрады. Ол кісімен бірге Бақытжан Абдулпаттаев, Әнуар Қарсақбаев, Төлеу Сүлейменов және тағы басқа ардагерлер де бос уақыттарында осы жерден табылады.
Аталған спорт түрлері құрметті жандардың салауатты өмір салтын ұстануына септігін тигізсе, олардың денсаулығының қалыпты болуына аудандық емханада «Денсаулық мектебі» жұмыс жасайды. «Амбулаториялық-емханалық қызметі бар» аудандық орталық аурухананың күндізгі стационар бөлімшесінде 2017 жылдың маусым айында ашылған «Денсаулық мектебі» қарияларға көрсетілетін медициналық қызметті оңтайландыру, аурудың алдын алып, көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында жасақталған. Мұнда аға буын өкілдері ауырмаудың жолын ұғынып, медициналық көмек алады. «Денсаулық мектебі» ақпараттық танымдық материалдар (парақшалар, буклеттер, кітапшалар), көрнекі құралдар, жұмыс бағытын анықтайтын сауалнамалар, теле-видео қондырғыларымен жабдықталған.  Бір сөзбен айтқанда, барлық жағдай жасалған. 
Жалпы, ауданда егде жастағы адамдар үшін зейнетақымен қамсыздандыру жұмыстары тұрақты деңгейде жүргізілуде. Сонымен бірге, жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қоғамдағы маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қаржы бөлініп келеді. Бұл бағытта үкіметтік емес ұйымдардың ұйымдастыруымен ардагерлер арасында әр түрлі іс-шаралар өткізіліп, аға буын азаматтардың қоғамға белсене араласуы қамтылған. Атап айтқанда, ардагерлердің мерейтойларына байланысты іс-шаралар, әр түрлі спорттық жарыстар, дөңгелек үстелдерге қаряилар белсене қатысып келеді. Бұл егде жастағы кісілердің лайықты өмір сапасын жақсарту мақсатындағы жасалып жатқан жұмыстар легі.
Е.БЕРКІНБАЕВ
24 тамыз 2018 ж. 989 0